Газа секторында тағы бір журналист Израильдің шабуылынан қаза тапты
Фото: aa.com.tr
Палестина журналистерінің кәсіподағы палестиналық мемлекеттік теледидардың операторы Халид әл-Медхун Газа секторының солтүстігіндегі Зиким ауданында Израиль армиясының тікелей соққысы салдарынан мерт болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu Ajansі порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Кәсіподақтың жазбаша мәлімдемесінде әріптестерінің қазасы туралы айтты.
"Әріптесіміз, журналист Халид әл-Медхунның қаза тапқанына қатты қайғырамыз. Ол Зикимде болып жатқан оқиғаларды түсіріп жүрген кезінде Израиль оккупациялық күштерінің тікелей соққысынан мерт болды", – делінген жазбада.
Мәлімдемеде журналистерге жасалып жатқан шабуылдар "шындықты жасырып, палестиналықтардың даусын өшіруге бағытталған тоқтаусыз қылмыс" екені айтылып, мұндай әрекеттер палестиналық БАҚ өкілдерінің жігерін ешқашан сындыра алмайтыны баса көрсетілді.
Медхунның қазасымен бірге Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары салдарынан мерт болған журналистер саны 240-қа жетті.
10 тамызда Израиль Газа қаласындағы Шифа ауруханасының маңына орнатылған шатырларды бомбалап, "Al Jazeera" тілшілері де бар алты журналисті өлтірді.
Халықаралық ескертулерге қарамастан, Израиль әдейі журналистерді нысанаға алып, оларды қамауға алып, қорқытып-үркітумен айналысып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, бұл әрекеттер палестиналықтарды үнсіз қалдыруға және Газа жерінде жасалып жатқан қылмыстарды әшкерелеуге жол бермеуге бағытталған.
Газа қаласында ашаршылық жүріп жатқаны ресми түрде расталды
Израильде халық ереуілге шығып, дүкендер жұмысын тоқтатты
Еске салайық, бұған дейін Израильдің Газаға шабуылы кезінде Al Jazeera-ның түсірілім тобының мүшелері қаза тапқанын жаздық.
2023 жылғы қазан айынан бері Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдары кезінде көптеген журналист қаза тапты. Адам құқықтарын қорғаушылар Израиль билігін БАҚ өкілдерін әдейі нысанаға алды деп айыптап отыр. Ал Израиль болса журналистерді ХАМАС-пен байланысы бар деп жиі айыптайды. Бұған дейін БҰҰ сарапшылары мен БАҚ еркіндігін қорғау ұйымдары мұндай айыптауларды негізсіз деп мәлімдеп, палестиналық тілшілердің өміріне қауіп төніп тұрғанын ескерткен. Al Jazeera арнасы Израильдің өз тілшілеріне қарсы “арандату науқанын” жүргізіп отырғанын бірнеше рет жариялаған.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
