Ғарифолла Есім: Кеңес заманында өскен бізден ақсақалдық шықпай жатыр
Философия ғылымдарының профессоры Ғарифолла Есім бір жылда туған күнін екі рет атап өтеді екен. Ғалым мұның себебін түсіндірді. Мұнымен қатар, қазіргі таңда ақсақалдарға қарағанда, жастардың ілгерірек екенін айтып өтті.
Бұл туралы «Таңшолпан» бағдараламасында айтылды.
– Естуімізше, туған күніңізді екі рет атап өтеді екенсіз. Сонда қай күндері тойлайсыз?
– Өзім 15 сәуірде дүниеге келгенмін. Бірақ, құжаттарда 8 мамыр деп жазылған. Сол себепті, өзімнің туған күнімді де, құжаттың күшін де мойындаймын. Таныстарым мен туысқандарым екі туған күнімде де хабарласады.
– 69 бен 70 жас аралығында қандай да бір айырмашылық бар ма?
– Әрине, бар. Құдайға шүкір, жаратушыға разымын. 69 деген жасты тұқымымен архивке өткіздім. Соған разы болып отырмын. Жетпіс жасты аман-есен халқыммен, туысқан-немереммен, шөбереммен бірге тойлап жатқаныма қуаныштымын. Бұл жасқа да құры алақан келуге болмайды. Халыққа, өзіңе айтатын сөздер болуы керек.
– Бұрындары ауыл билері мен ақсақалдары жастарға бағыт-бағдар көрсетіп отыратын. Жалпы бүгінгі қоғамдағы ақсақалдардың рөлі қандай?
– Ақсақалдардың рөлі әлсіреп тұр. Кеңес заманында өскен біздерден көп ақсақалдық шықпай жатыр. Біздің коммунистік тәрбиеміз сұйықтау болды. Ішімізде көкірегі ояу, ата-дәстүрді сақтайтын азаматтарымыз бар. Солар әр жерде ақсақалдар, билер кеңесін құрып, қазіргі жастарға тәрбие беру жағында үлгілі жұмыстар жасап жатыр. Бірақ, осы ақсақалдарға қарағанда, жастарымыз ілгері ме деп ойлаймын. Жастарымыздың ойлау-өрісі ақсақалдарымыздан алда. Себебі, олар Тәуелсіздік заманында туған. Алды 25-27 жасқа келіп қалды. Көпті көріп, көп нәрсені біліп үлгерді. Баяғыда «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деп айтатын. Қазір жастар көп көріп, ойланып-толғанып жатады.
Олар дін, ұлттық патриотизм, тарих мәселесінде алда. ХІ ғасырда Жүсіп Баласағұни «Білімді біледі, ақылды ұғады» деп айтқан болатын. Қазір біз білімге бет бұрдық. Адамда қабілет-қасиет деген бар. Осы қабілеттің арқасында үш тіл мен ІТ технологияны меңгеріп жатыр. Ал қасиетті қалай тәрбиелейміз? Осы мәселе білім беру жүйесінде де, ақсақалдар тарапынан да ақсап тұр. Мұны ары қарай ширатуымыз керек. Елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты керемет мақаласы шықты. Осы орайда, Назарбаев тарихи негіздерді жаңғыртып барып жаңғыруды ұсынған болатын.
– «25 жастан кейін уақытты тоқтату мүмкін емес» деп айтып жатады. Осы сөз қаншалықты рас?
– 40 жасқа дейін он жыл бір сағат сияқты өтіп жатады. Өйткені, бала-шағаң бар. Оларға жеткізгің келген нәрсені айтып үлгермей жатасың. Таңертең тұрып үйден шығасың, кешке келесің. «Өмірдің бәрі менікі. Әлі уақыт көп болады» деп ойлайсың. Бірақ, бұл жастық түсінік. Ал қырықтан кейін басқа мәселелер келе бастайды. Бұл жаста ақыл толып, ойланатын нәрселер көбейе береді. Өзіңнен гөрі, ел мен ағайынның, өсіп келе жатқан ұрпақтың мәселесі сізді баурап алады.
Жіберіп алмаңыз:
Ринат Зайытов ұл-қызына дүркіретіп той жасады (фото)
Құралай Нұрқаділова әкесінің басынан өткен бір оқиғаны айтып берді
Аяғын сындырған Жазира Байырбекова жүре бастады
Нұртас Адамбай Головкиннің командасына ол туралы кино түсіргісі келетінін айтып өтініш білдірді