Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құс тұмауы жаңа пандемияға себеп болуы мүмкін: Ғалымдар дабыл қақты


Фото: Freepik.com

Ғалымдар құс тұмауы жаңа пандемияға себеп болуы мүмкін деп дабыл қақты. Олар бірнеше айдан бері әлемде тарап жатқан бұл індетке байланысты алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандар инфекция жұқтырғандардың саны расталған жағдайлардың санынан әлдеқайда көп екенін айтады.

Қазір таралып жатқаны – аса жұқпалы H5N1 құс тұмауы штамы. Вирус Тынық мұхитындағы Жаңа Гвинеядан Жаңа Зеландияға дейінгі аралықты және оған жақын аралдардан басқа барлық құрлыққа жетті. Инфекция тіпті Антарктидадағы пингвиндерден, Таяу Шығыстағы түйелерден де анықталған.

АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігінің (USDA) деректеріне сәйкес, барлық 50 штатта құс тұмауына шалдыққан құстар тіркелген. Бұған қоса, вирус құс фермаларымен шектелмей, шамамен 1000 сиырға да тараған. Адамдар арасында құс тұмауына шалдыққан 70 жағдай тіркелген, олардың бірі көз жұмған.

Джон Хопкинс университетінде эпидемиология пәнінен сабақ беретін Кейтлин Риверс вирустың таралуын тоқтатату қиын екенін айтады.

"Құс тұмауы жақында ғана пайда болған жоқ. Осыған дейін ауру өзінен-өзі тоқтайды деген қате пікірде болдық. Қазір бұл жағдайды бақылауға алу қажет екенін түсіне бастадық. Адамдар арасындағы ауру жағдайларын мұқият бақылау керек, өйткені вирус мутациясы адам ағзасында байқалады", – дейді Риверс.

Эпидемиологтар жағдайдың ушығуына АҚШ билігі де дайын емес екенін айтады.


"3 адам инфекция жұқтырған": Американың 10 штатында құс тұмауы анықталды


"Егер біз вирустың таралуына мүмкіндік берсек, оның басқа сүтқоректілерге жұғуға бейімделуі әбден мүмкін. Бұл жаңа пандемияға түрткі болуы ықтимал. H5N1 вирусының адам үшін өте қауіпті екенін біз тарихтан жақсы білеміз", – дейді Торонто университетінің медицина профессоры Камран Хан.

2003 жылдың қарашасынан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы H5N1 вирусын жұқтырған 700-ден астам адам тіркеген. Олар 15 елде анықталған. Ең көп жұқтырғандар Вьетнам, Египет және Индонезия тұрғындары.

Мұндай аурулардың жаһандық пандемияға айналу қаупі, ең алдымен, олардың адамнан адамға жұға алу қабілетіне байланысты. Қазіргі мәліметтер бойынша құс тұмауы адамнан адамға жұқпайды.

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымының деректеріне сәйкес, сәуір айында Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Азия мен Еуропада үй құстары арасында құс тұмауының 59, ал жабайы құстар мен сүтқоректілер арасында 44 ошағы тіркелген.

2024 жылдың желтоқсанынан бастап H5N1 вирусының адамдарға жұғу жағдайлары да тіркелген. Мұндай жағдайлар АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Мексика, Камбоджа және Вьетнамда анықталған. Антарктидадағы теңіз мысығы мен теңіз пілінен де H5N1 вирусы табылған.

Осыған дейін құс тұмауы негізінен құстар арасында таралған вирус ретінде белгілі еді, ал адамдарға өте сирек жұғатын. Алайда соңғы уақытта бұл инфекция адамдар арасында да тез тарап жатыр. 

"Егер вирус ауыздықталмаса, вирус штамының күтпеген мутациясына дайын болуымыз керек. Бұл вирус бейімделгіштігімен танымал. Мамандар инфекция неғұрлым ұзақ айналымда болса, соғұрлым бейімделу мүмкіндіктері көбейеді деп қауіптенеді", – дейді профессор Риверс.

Көктемгі құстардың қоныс аудару маусымы, вирустың таралуын күшейтеді деп болжанып отыр.

Еуропалық Одақ әр мемлекетке вакцинацияны өз бетінше жүргізуге мүмкіндік беретін нұсқаулықтар әзірлеп жатыр. Алайда вакцина алған, сырттай сау көрінетін құс та вирус тасымалдаушы болып, оны жабайы табиғаттағы құстарға жұқтыруы мүмкін.

Бұған дейін АҚШ билігі құс тұмауына қарсы вакцинацияға қарсы болған. Себебі вакциналанған құс еті елдің азық-түлік тізбегіне енсе, бұл АҚШ-тан экспортталатын жануар өнімдеріне тыйым салуға әкелуі мүмкін деген алаңдаушылық болды. Алайда жақында АҚШ-тың ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA) H5N1 вирусына қарсы жаңартылған вакцинаны үй құстарын қорғау мақсатында қолдануға рұқсат берді.

Әлдебір қауіп туындаған жағдайда АҚШ пен басқа да бірнеше елдердегі барлық мемлекеттік мекемелер өз халқы үшін құс тұмауына қарсы миллиондаған доза вакцинаны алдын ала сақтап қойған.

"Бұл вакциналар жоғары қауіп жағдайында ғана қолданылады, яғни олар жануарлармен тығыз байланыста жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған. Егер бұл вирус расымен пандемияға айналса, дәл осы штамм жаңа вакцинаны жасап шығару мен оның жаппай өндірісі үшін негіз болады. Бізде кейбір вакциналар бар, олар мінсіз болмаса да, пандемияның бастапқы кезеңінде белгілі бір деңгейде иммунитет қалыптастыруы мүмкін", – деп түсіндірді Қытайда Covid-19 вирусын алғаш анықтаған бақылау технологияларымен айналысатын BlueDot компаниясының негізін қалаушы Камран Хан.

Еске салсақ, осыған дейін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде алғаш рет 59 жастағы мексикалық A (H5N2) жаңа құс тұмауын жұқтырып, қайтыс болғанын мәлім етті.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 26 Мамыр, 2025 19:16
Талқылау