Ғалымдар балдың ерекше емдік қасиетін анықтады
Монреаль университетінің Фармация кафедрасының ассистенті Симон Матуриді балдың ерекше емдік қасиетін мәлімдеді. Айтуынша, ол антисептикалық, қабынуға қарсы және иммуномодуляциялық жедел және созылмалы жараларды емдеуді тездетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Advanced Therapeutics журналына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Медициналық тәжірибеде кәдімгі асханалық бал емес, органикалық арнайы сертификатталған көздерден алынған зарарсыздандырылған өнім қолданылады. Ең тиімді түрлердің бірі – жаңа Зеландия мен Австралиядағы leptospermum scoparium ағаштарынан шырын жинайтын аралар шығаратын манука балы. Оның құрамында метилглиоксалдың жоғары концентрациясы бар және микробқа қарсы әсері күшті.
Клиникалық деректер бойынша бал жараның деңгейіне байланысты әртүрлі әсер етеді. Жарақат белсенді түрде қабынған кезде бұл процесті азайтады. Ал баяу емделіп жатқан кезде, керісінше, иммундық реакцияны белсенді етіп, тіндердің регенерациясын жеделдетеді.
Медициналық бал қазірдің өзінде күйіктерді, қысым жараларын, диабеттік және веноздық жараларды, хирургиялық және травматикалық жарақаттарды емдеуде қолданылады.
АҚШ-та медициналық қолдану үшін 20-дан астам бал қосылған препараттар мақұлданған.
Дегенмен Матури зерттеу нәтижелері әзірге толық емес екенін жеткізді. Айтуынша, бал түрі, дозасы және өнімділікті бағалау критерийлері бойынша стандартталмаған.
Қазір ғалымдар тұрақты және қайталанатын жаппай қолдануға арналған препараттарды жасау үшін балдың белсенді компоненттерін дәлірек анықтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ емдік қасиеттерін сақтайтын, бірақ табиғи өзгергіштігі жоқ биоимитациялық құралдар әзірленіп жатыр.