Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғаламторда қан мен тердің арқасында келген соғыс ардагерлерінің төсбелгілерін тиын-тебенге сатуда

Қан мен тердің арқасында келген медаль құны 10 мың теңгеден де аспайды. Ғаламторда соғыс пен тыл ардагерлеріне берілген төсбелгілердің саудасы қызған. Коллекционерлер үшін ыңғайлы, бірақ майдандағы қырғынды көргендерге бағасы жоқ орден-медалдардың ашық сатылуы ардагерлер тарапынан қатаң сынға ұшырауда.

Ғаламторда қан мен тердің арқасында келген соғыс ардагерлерінің төсбелгілерін тиын-тебенге сатуда

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жеңіс күні қарсаңында сұранысқа ие болатын тауарларды тізбектеудің қажеті шамалы. Бірақ біз мүлде күтпеген жайт – ордендер мен медалдар да саудаға шығыпты. Түр-түрі бар. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткені үшін алынған белгі 5-8 мың теңгенің төңірегінде бағаланған. Тылдағы еңбегі бағаланған қариялардың наградалары 7,5 мың теңге. Бірақ базардағыдай саудаласуға да болады.
– Бағасы 7 500 бола ма әлде түсесіз бе?
– Жарайды 6 500-ге берейін.
– Бұл түпнұсқа ғой иә?
– Иә, дәл өзі. Туыстардан қалған зат қой ол.

Тыл ардагері, сексеннің сеңгіріне шыққан Кеңес ақсақал бұл саудагерлерді қылмыскер деп атайды. Кеудесі бірнеше орден мен медальға толған қария қандай тұрмыс тауқіметін тартса да, батырлықтың символынан ақшалай пайда көруді күнаға балауда.

«Біреулер ұрлап алып сатып жатады. Біреулері әке-шешеміз қартайды, өмірден кетті деп сатады. Енді қалған медаль, орденді үйде тек жатпасын, сол үшін сатып жатырмыз дейді. Менің ойымша, оның бәрі сандырақ. Мен оларды қылмыскер деп атаймын. Кім сатса, ол сатсын! Тіпті, керек болатын болса, сол орден, медальдің иегері өзі сатсын, соның өзін мен қылмыскер деп есептеймін» – дейді тыл ардагері Кеңес Әубәкіров.

Қанат Кәрімов ауған соғысының ардагері. 2 жылын сондағы соғысты өз көзімен көріп келген. Медальдары соны аңғартып тұр. Айтпақшы, ондай белгі ғаламторда 4,5 мың теңгеге бағаланған. Бағасын қойшы, сатылғанын айтсаңшы деп ашуланды ардагер.

«Ол қан мен термен алған медальдар. Ақылға қонбайды. Түсінбеймін ондай нәрсені. Сатып алуға немесе сатуға деген ессіздік тіпті ойыма да кірмейді. Сіздің ойыңызша медальдің құны қанша? Оның құны жоқ дейді ғой. Ол баға жетпес!» – дейді ауған соғысының ардагері Қанат Кәрімов.

Сатушылардың әрекеті заңмен қудаланады. Әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл қомақты. Бірақ ашық саудаға қарап, оны пысқырғандар шамалы екені анық көрініп тұр.

«Заңнама тікелей сатып отырған адамның жауапкершілігін реттейді. Және сол адам тікелей заңмен қудаланып отырып, жауапкершілікке тартылады. Ал сатып алып отырған адам бұл жерде моральдық жағынан біреудің орденін, біреудің медалін бір үлесін қоспай отырып, медальді, орденді пайдаланса, бұл жерде моральдық жағдайы болады» – дейді заңгер Айсана Сман.

Көне заттарды сақтаумен айналысатын Валерий Семенов медаль сату ол әдеттегі құбылыс дейді. Бірақ кезінде миллиондаған данамен шығарылған белгілер көбінесе аукцион арқылы сатылуы керек дейді.

«Біздегі жағдайды жабайы сауда деп атар едім. Мен оны аса қолдамаймын. Медаль не орденнің иесі оны аукционға шығаруға құқылы. Әлемдегі тәжірибе сол. Бірақ әркімнің өз түсінігі бар. Кейбірі тіпті, медальді керексіз дүниедей қоқысқа тастағанның да куәсі болдық қой» – дейді антиквар Валерий Семенов.

Расында біраз күн бұрын Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында берілген 15 медаль қоқыс жәшігінен табылған болатын. Ешкімге керегі болмай қалған марапаттар тәртіп сақшыларына тапсырылды. Олар иелерін іздеуге кіріскен. Біз тізбектеген жайттардан кейін жеңісті әкелген аталарымыздың ерлігін бағаламаған ұрпақпыз ба деген сұрақ еріксіз келеді екен.

Тағы оқыңыз:

Танымал актер Рахман Омар ұлды болды

Соғыс ардагерлерін Ұлы жеңіс күнімен құттықтаған Қайрат Нұртастың балалары жұртты сүйсіндірді (фото, видео)

Бәрі де әділетсіз: Асанәлі Әшімовтың жары күйеуіне жантебірентер жазба қалдырды

Жүректі қозғады: КешYou-дің экс-әншісімен клип түсірген Керменбаев актерлік шеберлігімен таңғалдырды (видео)

Талқылау