Гаагадағы халықаралық сот Украинаға басып кірген Ресейге қарсы іс ашуды жоспарлап отыр
Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты әскери қылмыс жасады деген айыппен екі қылмыстық іс қозғауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар осы қылмысқа қатысы бар бірнеше адамды қамауға алуға ордер береді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде Reuters пен New York Times басылымдары мәлімдеді.
Бұл шешім әзірге ресми түрде жарияланбаған. New York Times хабарына қарағанда, екі пункт бойынша айып тағылады, біріншісі – Украинаның азаматтық инфрақұрылымын әдейі талқандау, екіншісі – Украина жерінен балаларды Ресейге алып кету.
Reuters ақпаратына сүйенсек, азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдан Украинаның жүздеген тұрғыны өліп, миллиондаған адам зардап шеккен. Халықаралық соттың бас прокуроры Карим Хан таяуда Украинаға барып, Ресей әскері зымыранмен, дронмен атқылап, азаматтық инфрақұрылымға қандай залал келтіргенін көріп кеткен.
- "Тоқаевтың айналасында да Путиннің жақтастары бар": Шораев Украинадағы соғыстан кейін Қазақстанның қалай өзгергенін айтты
- БАҚ: Орал қаласының бұрынғы әкімінің ұлы Украина жерінде Ресей жағында соғысып жүр
- "Ешкім шетте қала алмайды": Лукашенко Тасмағамбетовке Украина мен Ресей арасындағы соғыс туралы айтты
Женева конвенциясы мен оның қосымша хаттамалары соғысушы тараптарды азаматтық нысандар мен әскери нысандарды бөле қарауға міндеттейді. Халықаралық құқық азаматтық нысандарға шабуыл жасауға тыйым салады.
Әзірге айыптың кімге тағылатыны белгісіз. New York Times басылымының кейбір дереккөздері Ресей президенті Путинге айып тағылуы мүмкін деп есептейді. Басылым сот процесінің болашағына күмәндана қарайды, өйткені халықаралық сот қылмыстық істі сырттай жүргізбейді, ал Ресей Гаага сотын мойындамайды, сол себепті өз азаматтарын бермейді.