Гүлнәз Жоланова өз қолымен “чак-чак” әзірледі (видео)
Гүлнәз Жоланова – актриса, тележүргізуші және қазақстандық “Қазақ аруы” байқауының жеңімпазы. Аталған байқаудың басты талабы – қазақ тілінде еркін сөйлеп, дәстүрлерді жетік білу болатын. Гүлнәз қазақ халқының ғана емес, шығыс асханасының тағамдарын еркін әзірлей алатын болып шықты.
Ол Comode.kz басылымына берген сұхбатында отбасындағы ас әзірлеуге қатысты дәстүрлермен бөлісті. Мұнымен қатар, өз қолымен “чак-чак” әзірледі.
Біз де өзге қазақ отбасылары секілді барлық тағамға ет қосатынбыз. Анашым бір аптада бір рет ет асатын. Дастарханымызға еуропалық тағамдар сирек қойылатын. Есейе келе интернеттен тамақ жасау тәсілдерін үйрендім. Күн сайын жаңа тағамдар әзірлеп отырдым. Отбасылық мәзірімізге еуропалық тағамдарды мен енгіздім десем де болады.
Мерекелік дастарханға да дәстүрлі тағамдар қойылатын. Міндетті түрде ет асып, қуырдақ жасаймыз. Ал арнайы қонақтар үшін, әрине, қой соямыз. Кейде еттің орнына мәнті әзірлейміз.
Анашым қуырдақты жақсы көреді. Балалық шағым туралы ойлаған кезде, ең бірінші есіме осы тағам түседі. Көзімді жұмып отырып-ақ қуырылған ет пен картоптың иісін сезіне аламын! М-м-м! Қазір өзім жеке пәтерде тұрамын. Шынымды айтсам, анашымды сағынып жүрмін. Оның қуырдағын сағындым.
Анашым екеуіміз бір-бірімізге ұқсамаймыз. Тіпті тамақ жасау тәсілдеріміз де бөлек. Ол жоғарыда айтып өткенімдей дәстүрлі тағамдар әзірлегенді ұнатады. Дастарханымызда әрдайым бауырсақтар мен дәстүрлі десерттер тұрады. Ал мен көкөністер мен көк шөптен әзірленген, көп әзірлене бермейтін тағамдарды ұнатамын. Анашым секілді қамыр жайғанды да ұната бермеймін. Қалай илеп, қалай жаю керектігін білемін. Бірақ анашымдыкіндей болып шыға бермейді. Қамырды жақсылап илеу үшін оны сезіне білу керек. Сондықтан қамырдан әзірленетін десерттерді сирек жасаймын.
Күнделікті жұмыстарым бар болғандықтан асүйге көп кіре бермеймін. Таңнан кешке дейін түсірілім алаңында жүре беруім мүмкін. Шаршап келгенде тамақ жасай қоймайтыным анық. Алайда уақыт барда міндетті түрде әзірлеймін. Достарым мен қонақтарымды ерекше тағамдармен қуантқанды ұнатамын.
Түсірілім алаңында тамақ туралы тіпті ұмытып кетеміз. “Кинокорм” деген ұғым бар. Бір рет болсын киноға түсіп көрген адам менің не туралы айтып жатқанымды біледі. Күніне бір немесе екі рет актерлерге пластикалық ыдыстағы тағам алып келеді. Әдетте ол үй тағамы немесе асханадан сатып алынған тағам. Көп жағдайда шығыс тағамы. Мысалы, палау. Егер актер диета ұстаған болса, оған міндетті түрде буда немесе пеште пісірілген тағам алып келеді.
Мен балықтан жасалатын кез келген тағамды жақсы көремін. Бұл Каспий теңізінің жағасында өскенімнен болса керек. Батыста балықтан бешбармақ жасайды. Бұл бір керемет дүние! Батыс Қазақстанға барсаңыз, міндетті түрде бұл тағамның дәмін татып көріңіз.
Мен Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттерінде болып қайттым. Бірақ біздің асханамыз ішіндегі ең кереметі! Ал “чак-чак” әзірлеу әдісін жоғарыдағы видодан көре аласыздар.
Жіберіп алмаңыз:
Гүлнәз Жоланова Кореяға не үшін барғанын айтты
“Қазақ аруы” байқауынан кейін бағы жанған сұлулар
Актриса Гүлнәз Жоланова байқау ұйымдастырып, жеңімпазды бір күнде анықтады