Футболдан клубтық әлем чемпионатының екінші күнінде тартысты матчтар өтті
Фото: REUTERS
АҚШ-та жаңартылған форматтағы футболдан клубтық әлем чемпионатының екінші ойын күні аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екінші ойын күнінде жанкүйерлер бірден бірнеше қызықты кездесулердің куәсі болды. C тобында аргентиналық "Бока Хуниорс" пен португалиялық "Бенфика" тең ойнады — 2:2. Буэнос-Айрестен келген команда есепте 2:0 алда тұрғанымен, соңында жеңісті қолдан шығарып алды. Аргентиналықтардан Мигель Мерентиэль мен Родриго Батталья көзге түссе, "Бенфика" сапында Анхель Ди Мария мен Николас Отаменди гол соқты. Бұл кездесу жүйкеге салмақ салған тартысты ойын болды, себебі, төреші үш қызыл қағаз көрсетті.
D тобындағы екінші матчта лондондық "Челси" АҚШ-тың "Лос-Анджелес" клубын 2:0 есебімен жеңді. Педро Нето мен Энцо Фернандес гол авторлары атанды. Матчты стадионда 22 мыңнан астам көрермен тамашалады. Алайда "Челси" алаңда толықтай үстемдік етіп, сенімді жеңіске жетті.
Фото: REUTERS
Бразилиялық "Фламенго" да турнирді жеңіспен бастады. Олар Тунистің "Эсперанс" командасын 2:0 есебімен ұтты. Ойын барысында Рио-де-Жанейродан келген клуб басымдық танытты: 17-минутта Жорже де Арраскаэта есеп ашты, ал екінші таймда Луис Араужу есепті еселей түсті. "Фламенго" допқа иелік етуде 80 пайыздық көрсеткішке жетіп, қарсыласқа қауіпті сәттер жасауға мүмкіндік бермеді.

"Ер актерлерге әйелдерге қарағанда көбірек төлейді": Отандық кино жұлдыздарының гонорары қанша
