Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Футбол жанкүйерлерінің көзайымына айналған Бауыржан Исламхан алаңға қайта оралғысы келетінін айтуда

футболФото:Kazfootball

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан мансабына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Футбол сүйер жанкүйердің көзайымына айналған Бауыржан Исламхан алдағы уақытта қайтадан алаңға оралуды мақсат етіп отырғанын айтты.

“Елдос Ахметовпен және Руслан Эсатовпен ағайындыдай араласамыз. Руслан маған ағадай. Ол "Каспийді" Премьер-лигаға алып шықты, енді туған клубымызды көтеру үшін "Таразға" қайта оралды. Оған тек сәттілік тілеймін. Ол бізге бөтен адам емес, өз жерлесіміз. Ал өзіме келсем, әзірге бапкер болу туралы ойым жоқ. Негізгі мақсатым алаңға қайта оралу. Қалғанын уақыт көрсетеді”, – деді Исламхан.

Айта кетейік, 32 жастағы жартылай қорғаушы 2025 жылғы маусымда жарақатына байланысты бірде-бір ресми матчқа қатысқан жоқ. Оның соңғы ойыны 2024 жылдың 17 қарашасында Норвегияға қарсы Ұлттар лигасы аясында өтті (0:5). Бауыржан Исламхан мансабында Қазақстан чемпионатын, төрт рет Ұлттық кубокты және екі рет Суперкубокты жеңіп алған. Ол үш мәрте (2014, 2016, 2019) Қазақстанның "Жыл футболшысы" атанған.

Ұлттық құрама сапында 56 матч өткізіп, 4 гол соғып, 9 нәтижелі пас берген.

Футболшы әр жылдары "Астана", "Тұран", "Ордабасы", "Тараз", сондай-ақ Ресейдің "Кубань" және БАӘ-нің "Әл-Айн" клубтарында ойнаған.

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 16:02