Францияда өзбек банкінің қожайынын белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, азаптаған
Фото: Kakhramon Olimov / LinkedIn
Францияда өзбекстандық Anorbank банкінің 48 жастағы иесі Кахрамонжон Олимовты ұрлап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Le Monde басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Парижде 23 маусымда болған. Бірақ жағдай енді ғана белгілі болған. Олимов Парижге француз серіктестерімен келіссөздер жүргізу және жылжымайтын мүлік сатып алу мәмілесін жасау үшін барған. Сол күні ол өзін Түркиядан келген сұлулық салонының қызметкерімін деп таныстырған жас келіншекпен кездесіп, телефон нөмірін қалдырған. Екеуі телефон арқылы сөйлесіп, Олимов оны қонақүйдің жанында кездесуге шақырған.
Ол кездесу орнына жақындай бергенде үш адам шабуыл жасаған. Біреуі қолынан, екіншісі аяғынан ұстап, үшіншісі есінен тандырған. Кәсіпкерді биік қоршауы бар жеке резиденцияға апарған. Сол кезде Олимов өзі танысқан адамды байқаған. Ер адам оны банктегі үлесімді тартып алды деп айыптап, 10 миллион доллар (5 196 300 000 теңге) көлемінде өтемақы талап еткен. Сосын банкирді ұрып-соғып, бетінен шапалақпен ұрып, дарға асып өлтіретінін айтқан. Кейін оны Ницца қаласындағы виллалардың бірінің жертөлесіне ауыстырып, қорқыту әрекеттерін жалғастырған.
Оны төлемнің бір бөлігі төленгеннен кейін ғана босатқан. Бостандыққа шыққан соң, Олимов Ниццадағы теміржол вокзалына жетіп, пойызбен Парижге барған. Сол жерде болған жайтты полицияға хабарлаған. Дәрігерлер оның денесінен көгерген іздер мен жарақаттарды, психологиялық күйзеліс белгілерін тапқан.
1 шілдеде Франция полициясы бір күдіктіні, яғни Түркия азаматын тұтқындады. Содан кейін Олимов Ташкентке оралып, жеке күзетін күшейткен.
"Бұл бастық үшін аса жағымды жағдай болмады. Дегенмен бәрі артта қалды", – деді оның жеке хатшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде белгісіз біреулер ер адамды ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, өлтіріп, дәрігерлерге өздері тапсырғаны туралы жазған едік.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
