Франция балаларға ұқсайтын секс-қуыршақтар дауына байланысты Shein сайтының жұмысын уақытша тоқтатты
Фото: express.co.uk
Франция үкіметі азиялық Shein бөлшек саудагерінің онлайн платформасын тоқтата тұру процесін бастағанын мәлімдеді. Прокуратура компания сайтынан балаларға ұқсайтын секс-қуыршақтарды анықтаған. Осыған байланысты олар тергеуді бастап, платформа жұмысын уақытша тоқтатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі france24 басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Shein дүкені Париждің беделді BHV универмагында енді ғана ашылып, арада бір сағат өткен соң олардың жұмысы тоқтайтыны хабарланды. Дүкенге кіру үшін кезекке тұрған адамдарға универмаг алдында жиналған наразы топ: “Ұят!” деп айғайлады.
Бұған дейін Францияның бәсекелестік, тұтынушылар құқығын қорғау және алаяқтықпен күрес жөніндегі басқармасы (DGCCRF) Shein сайтында балаларға ұқсайтын қуыршақтар сатылғанын анықтаған еді. Ведомство бұл тауарды “”порнографиялық сипатта болуы мүмкін” деп атады. Осыдан кейін компания мәселені зерттеу үшін аталған тауарларды сайттан алып тастады.
Франция экономика министрлігінің мәліметінше, премьер-министрдің тапсырмасымен Shein-ге қатысты тексеріс жалғасады. Компания осы кезең ішінде сайттағы барлық тауарлардың ел заңдары мен талаптарына толық сәйкес келетінін дәлелдеуі тиіс.
Shein француз прокуратурасымен толық ынтымақтасатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Temu, AliExpress және Wish платформаларына қатысты да тергеу жүріп жатыр.
Shein компаниясы үшінші тарап сатушыларының тауарларын уақытша орналастыруды тоқтатқанын және олардың жұмыс ережелерін қатайтатынын хабарлады.
BHV универмагында Shein дүкенінің ашылуы басқа киім брендтері арасында наразылық тудырды. Кейбірі бұл жағдайға байланысты ғимараттағы жалдау келісімдерін ұзартудан бас тартатынын айтты. Дүкен ішінде де наразылық болып, келушілердің бірі өткір иісті спрей шашқан.
Shein арзан тауарларымен таныс бренд. Бұған дейін компания экологияға зиян келтіру және киім өндірісіндегі еңбек жағдайлары үшін сынға ұшыраған. Француз дизайнері Agnès B бұл оқиғаға байланысты қаңтарда келісімшарт мерзімі аяқталған соң BHV-дегі өз дүкенін жабатынын мәлімдеді.
“Бұл жылдам сәнге түбегейлі қарсымын… Жұмыс орындарына қауіп төніп тұр. Бұл өте жаман", – деді ол.
Shein өкілі Квентен Руффа балаларға ұқсайтын секс-қуыршақтарды сатушылар туралы толық ақпарат беретінін айтты.
AliExpress те бұл жағдайға байыппен қарайтынын мәлімдеді.
Temu өкілдері өз платформасында мұндай тауарлардың сатылуына жол бермейтінін және кәмелетке толмағандарды қорғау механизмдерін күшейту үшін билікпен жұмыс істеп жатқанын айтты.
BHV-ді басқаратын SGM компаниясының басшысы Фредерик Мерлен дүкеннің Shein-мен серіктестікті тоқтату мүмкіндігін қарастырғанын айтты. Бірақ компанияның берген жауабы бұл шешімді кейінге қалдыруға итермелегенін жеткізді.
"Сатылатын киімдердің балалар еңбегін немесе жұмысшыларды қанауды қолдамағанына көз жеткіземіз", – деді ол.
2008 жылы Қытайда құрылған Shein Францияның Анже, Дижон, Гренобль, Ле-Ман, Лимож, Орлеан және Реймс қалаларында дүкендер ашуды жоспарлаған еді. Алайда Galeries Lafayette бұл жоспарға байланысты Shein-мен серіктестікті қайта қарастырып жатқанын хабарлады.
Париж прокуратурасы тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Фактілер Париждің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі басқармасына берілген.
AliExpress дауға себеп болған тауарлар компания саясатына қайшы келгенін, сайттан жойылғанын айтты.
“Ережелерді бұзған немесе айналып өтпек болған сатушыларға шара қолданылады”, – деп хабарлады платформа.
3 қараша күні Shein өзінің бүкіл әлем бойынша платформасында секс-қуыршақтарды сатуға толық тыйым салатынын мәлімдеді. Сондай-ақ балаларға ұқсайтын заңсыз өнімдерді сатқан сатушылардың аккаунттары біржола бұғатталатынын және бақылау күшейтілетінін хабарлады.