Forbes тізіміндегі миллионерге тиесілі компанияның бюджетке миллиардтаған қарызы бар

Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық берешегі бар кәсіпорындардың тізімін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жалпы қарызы 567,8 млрд теңгені құрайтын ең ірі топ-10 салық борышкерінің қатарына долларлық миллионер Рашит Сәрсеновке, сондай-ақ Назарбаевтар әулетіне тиесілі компаниялар енген.
Салық қарызының жалпы көлемі бойынша бірінші орында "Ai-To Progress" ЖШС тұр. Компанияның мемлекетке берешегі 111,6 млрд теңге, оның ішінде негізгі қарызы – 63,5 млрд теңге. Алматы қаласында тіркелген бұл серіктестіктің алғашқы басшысы әрі иесі – Дәурен Молдағалиев.
Екінші орында "Tex Alliance" ЖШС. Компанияның салық берешегі 96,5 млрд теңгені, оның ішінде негізгі қарызы – 17,4 млрд теңгені құрайды. ЖШС Талғар қаласында тіркелген. Компанияның алғашқы басшысы әрі иесі – Азат Джанзақов.
Аталған екі компания да көтерме саудамен айналысады және 2022 жылы Бас прокуратура оларды тауар контрабандасымен айналысқан ұйымдар тізіміне енгізген. Ол кезде бұл компаниялардың мемлекетке келтірілген залалды өтегені хабарланған еді.
Үшінші орында Алматыда тіркелген "Alpha-bet" ЖШС тұр. Компания құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу қызметімен айналысады. Оның салық берешегі 92,3 млрд теңгені, соның ішінде 52,9 млрд теңгесі негізгі қарызды құрайды. Компанияның жалғыз иесі — Velora Group LTD. Алайда eGov жүйесінде түпкілікті бенефициарлар көрсетілмеген.
Төртінші орында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қарындасы Әнипа Назарбаеваға, сондай-ақ Әли Клышпаевқа тиесілі "Group of the companies TDA" ЖШС тұр. Компанияның мемлекет алдындағы қарызы 92,3 млрд теңге. Бұл компанияның да Қытайдан тауар контрабандасымен айналысқаны белгілі.
Бесінші орында "OLIMP KZ" букмекерлік кеңсесі тұр. Компанияның қарызы 85,6 млрд теңге, оның 35,7 млрд теңгесі негізгі қарыз. Алматы қаласында тіркелген компанияның иесі – Анарбек Жауыров.
Алтыншы орында "GB Invest" ЖШС тұр. Компанияның салық берешегі 47,2 млрд теңгені құрайды, оның ішінде негізгі қарыз – 25,8 млрд теңге. Қаскелең қаласында тіркелген компанияның алғашқы басшысы әрі жалғыз иесі – Наджиб Файез. GB Invest те Бас прокуратура тарапынан заңсыз саудамен айналысқаны үшін әшкереленген.
Жетінші орында "Кастинг" ЖШС. Компанияның қарызы 19,8 млрд теңге, оның ішінде 8,6 млрд теңгесі негізгі қарыз. Компания қызметінің түрлері ретінде түсті металдардың өзге де түрлерін құю, қара металл қалдықтары мен сынықтарын қайта өңдеу, сондай-ақ зергерлік және соған ұқсас бұйымдар өндіру көрсетілген. Алматы қаласында тіркелген компанияның ортақ иелері – Рашит Сәрсенов, Эдуард Креймер және Йонга Белегингсматсаппей. Forbes дерегіне сәйкес, кәсіпкер Рашит Сәрсеновтің отбасы Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде.
Сегізінші орында "ҚазГерСтрой" бірлескен кәсіпорны ЖШС тұр. Компанияның салық бойынша берешегі 9,7 млрд теңгені құрайды. Астана қаласында тіркелген бұл бірлескен кәсіпорын құрылыс және бетон өндірумен айналысады. Оның иесі – "Bereke Astana Group" ЖШС. Ал аталған компанияның ортақ иелері қатарында Айдар Лазаров пен Бауыржан Нұрсұлтан Қайратұлы бар. Соңғысын БАҚ танымал кәсіпкер, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының ұлы деп атайды. 2022 жылы Бас прокуратура "ҚазГерСтрой" компаниясы жол құрылысы кезінде шамамен 43 млрд теңгені жымқырғанын хабарлаған еді.
Тоғызыншы орында Түркістан облысы Сайрам ауданында орналасқан "Тұран Агро Ет-Сүт" ауыл шаруашылығы кооперативі тұр. Кооперативтің мемлекет алдындағы берешегі 6 млрд теңгені, оның ішінде 4,3 млрд теңгесі негізгі қарызды құрайды. Ауыл шаруашылығы кооперативінің ортақ иелері – Музаффар Умаров, Махаммаджон Ануарбеков, Шерали Балтабеков, Илхамжан Абдираимов және Шухрат Ирисметов.
Оныншы орында "БАС Карьер" ЖШС тұр. Компанияның мемлекет алдындағы қарызы 4 млрд теңге, оның ішінде 2,3 млрд теңгесі негізгі қарыз. Екібастұз қаласында тіркелген бұл компания жүк және жеңіл автокөліктерді жалға беру қызметімен айналысады. "БАС Карьер" ЖШС-нің ортақ иелері – "БАС" сауда-өнеркәсіптік компаниясы" ЖШС және Сапарғалиев Марат Сапарғалиұлы.
2025 жылғы 1 қазанда қарыз көлемі бойынша оныншы орында тұрған "БатысНефтеТрэйд" ЖШС 11-орынға төмендеді. Қазіргі берешек көлемі 3,8 млрд теңге, оның ішінде 1,9 млрд теңгесі негізгі қарыз. Компанияның алғашқы басшысы әрі иесі – Берік Амангелдіұлы Боранбаев.
Сонымен қатар, ең ірі 100 борышкердің қатарынан алматылық "MAG корпорациясы" ЖШС-не назар аударуға болады. Компанияның салық берешегі 3,1 млрд теңгені, оның ішінде 1,5 млрд теңгесі негізгі қарызды құрайды (15-орын). Корпорация бизнес-орталықтарды, кеңселерді және әкімшілік ғимаратты жалға беру және басқару қызметімен айналысады. Корпорацияның жалғыз иесі – "MAG Инвест" ЖШС, ал бұл компанияның ортақ иелері – Абильдинов Ербол Жүсіпұлы және Самарханов Алмаз Серікханұлы. БАҚ мәліметінше, Ербол Абильдинов Алматы метрополитенінің директоры болған. 2024 жылы сот оны Алматы метросын салу кезінде қаражат жымқыру ісі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырды.
"К-Дорстрой" АҚ (автожол құрылысы) салық берешегі бойынша 20-орында тұр. Компанияның қарызы 2,5 млрд теңге, оның ішінде 602,6 млн теңгесі негізгі қарыз. 2010 жылдары бұл компания түрлі автожолдарды салу және қайта жаңғырту жобаларына қатысқан.
-
Ұлттық банк нормативті орындамаған микроқаржы ұйымдарының тізімін жариялады: Олардың біреуі Forbes тізіміндегі миллиардерлерге тиесілі
Ірі борышкерлердің тағы бірі – "Састөбе-Цемент" ЖШС (әктаc, гипс және бор өндіру, Түркістан облысы). Компанияның берешегі 1,3 млрд теңге, оның ішінде 877 млн теңгесі негізгі қарыз (34-орын). ЖШС-нің жалғыз иесі – Kimongo Equities Ltd компаниясы, алайда түпкілікті бенефициарлар ашық көрсетілмеген.
"Bek Air" АҚ (әуе компаниясы, Алматы) 35-орында тұр. Компанияның салық қарызы 1,3 млрд теңге, оның ішінде 951,6 млн теңгесі негізгі қарыз. Әуе компаниясының алғашқы басшысы әрі жалғыз иесі ретінде Жарқымбаев Сәкен Тоқпаевич көрсетілген.
"Обухов тау-кен байыту комбинаты" ЖШС (титан-магний кенін өндіру, Көкшетау) 42-орында тұр. Компанияның берешегі 1,06 млрд теңге, оның ішінде 605,3 млн теңгесі негізгі қарыз. Компанияның алғашқы басшысы әрі жалғыз иесі – Долгалев Данил Викторович.
"БИПЭК АВТО Қазақстан" АҚ (көлемі 2 мың шаршы метрден асатын сауда нысандарында автокөліктерді бөлшек сату) 43-орында тұр. Компанияның қарызы 1 млрд теңге, оның ішінде 550,3 млн теңгесі негізгі қарыз. Компания кәсіпкер Анатолий Балушкинге тиесілі "Азия-Авто Қазақстан" тобының құрамына кіреді. Ол Өскеменде толық циклді автокөлік зауытын салумен айналысқан. Мемлекеттік органдар бұл топты міндеттемелерін орындамағаны үшін айыптады, ал Балушкин Ресей азаматтығын алып, Қазақстанда сырттай сотталып, үкім шыққан.
Еске салсақ, Forbes тізіміндегі қазақстандық миллионер Қызылорда облысында қарасора өсірумен айналысқанын жазғанбыз.
Қазақстанның вице-президенті кім болуы мүмкін және оның өкілеттігіне не кіреді: Саясаттанушылар жауабы