Филиппиннің оңтүстігінде 330-дан астам жолаушы мінген паром суға кетті: 15 адам қаза тапты

26 қаңтар күні түнде Филиппиннің оңтүстігінде Trisha Kerstin 3 паромы суға кетті. Кемеде 332 жолаушы және 27 экипаж мүшесі болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы жағдай Басилан провинциясының жағалауынан шамамен бір теңіз миль жерде болған. Паром Сулу провинциясындағы Джоло аралына бара жатқан кезде, алдын ала ақпаратқа сәйкес, техникалық ақау шығып, суға батып кеткен.
Құтқару қызметінің мәліметінше, кем дегенде 316 адам құтқарылды. Қазір іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқару операциясы барысында кем дегенде 15 адамның мәйіті табылып, жоғалғандардың тізімінде 43 адам бар.
Құтқару операцияларына Жаға күзеті, Әскери-теңіз күштері, әуе бөлімдері және жергілікті балық аулау кемелері жұмылдырылды. Құтқарылған кейбір адамдар мен қаза тапқандардың мәйіттері провинцияның әкімшілік орталығына, яғни Исабела қаласына жеткізілді.
Апаттың себебі әзірге белгісіз, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алдын ала мәліметтерге сенсек, паромда айтарлықтай артық жүктеме болмаған және жолға шықпас бұрын қауіпсіздік тексерісінен өткен.
Филиппинде арал көп әрі тұрақты түрде қолайсыз ауа райы болғандықтан және кейбір кемелер қауіпсіздік стандарттарын толық сақтамау себебіне байланысты теңіз апаттары жиі болады.