Филиппинде “Калмаеги” тайфунынан 140 адам қаза тауып, 127 адам жоғалып кетті
Фото: reuters.com
Филиппинде “Калмаеги” тайфуны салдарынан кем дегенде 140 адам қаза тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігінің хабарлайды.
Елдің төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі 140 адам қаза тауып, тағы 127 адам із-түзсіз жоғалып кеткенін мәлімдеді.
Табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарды бақылау кезінде әскери тікұшақ құлап, оның бортындағы алты адам қаза тапса, қалғандары су тасқынының, құлаған ағаштар мен ғимарат қирандыларының құрбаны болды. 430 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Табиғи апат елдің ең ірі аралдары Лусон, Висаяс және Минданаоға қарасты 24 провинцияны қамтыған. Көптеген аймақтарда электр қуаты өшіп, әуе рейстері тоқтатылды.
5 қараша күні Филиппинге соққан тайфун қатты дауыл, нөсер жауын және бірнеше метрлік толқындарды алып келген. Филиппиннің Pagasa метеорелогиялық қызметінің мәліметінше, дауылдың күші азайғанымен, желдің екпіні әлі де сағатына шамамен 180 шақырымға жетіп отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, Филиппинде “Тино” деп аталатын “Калмаеги” тайфуны құрлыққа жеті рет соққан. Тайфун бейсенбі күні ел аумағынан шығып, Вьетнам бағытына қарай жылжыйды деп болжанған.
Метеорологтардың мәліметінше, Филиппинге жаңа тропикалық циклон жақындап келеді. Ол жұма немесе сенбі күні құрлыққа жетіп, демалыс күндері желдің жылдамдығы сағатына кемінде 240 шақырым болатын аса қуатты тропикалық дауылға айналуы мүмкін.
Филиппинге жыл сайын шамамен 20-ға жуық тайфун соғады. Олардың ең жойқыны – 2013 жылдың қарашасында болған “Хайян” тайфуны, бұл апат 6300-ден астам адамның өмірін қиған.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев "Калмаэги" тайфуны салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Филиппин президентіне көңіл айтқан еді.