Фариза Оңғарсынованың ең үздік 10 өлеңі
Фариза Оңғарсынова – қазақтың ақын қызы, халық жазушысы. Оның поэзиясы жарқын әрі мейірімділікке толы. Stan.kz өлең сүйер оқырмандарға Фариза Оңғарсынованың өмір мен махаббат туралы үздік 10 өлеңін ұсынады.
Айша бибі
Қанша рет қанша тұрды жырлы дала?
Жадына жазған жалғыз күн-ғұлама!
Бабамның куәсіндей Айша-Бибі,
Қадалған құбажолға бір мұнара.
Қандай жан сезімі үшін тартты азап?
Ал өзім елестетем шақты ғажап,
Сезімді шертіп, мәнін паш еткендей, аты қазақ.
Өмірдің жолдары ма,тондары ма?
Тұрғандай түсеңгіріп тоң жаныма,
Тәубе де, жер бетінде шын сезімнің болғанына!
Сол жігіт құлай сүйген Айшагүлді,
Күн сайын көру үшін жасыл өрден.
Қоңыр күздер жүрегі күңіреніп,
Жасымен мұнараның тасын кешкен!
Жоғалған махаббат
Арманым сен едің
Ардағым сен едің
Өзіңсіз өмірім көңілсіз деп едім
Көрмесем жабығып сарғайып сағынып
Өзіңмен бір еді бал арман ақ үміт
Күндер-ай сағынған жалыңдаған
Еркіне бағынған бағынбаған
Жоқ бүгін махаббат арманымда
Шынымен жоғалтып алғаным ба
Не дейін көңілге түсім бе өңім бе
Кінәлі кім бұған өзім бе өмір ме
Жайнайын тағы да нұр құйып таңыма
Жоғалған махаббат оралшы жаныма
Жақсы көру
Өмірің таңдай болса арайлаған,
қатыгез қараулыққа жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы –
нұрланып кетеді екен бар айналаң!
Жақсы көру, жақсы көру,
не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
қуанып қөз ілуге
адамға жақсы көру керек екен.
Дидарың аумайды екен жарық күннен,
ғашық боп қалғанымды жаңа ұқтым мен.
Келбетің көз алдымда, ойымда сен,
өзіңді жақсы көріп қалыппын мен.
Ешкімге содан бері алаңдамай,
жүрегім жанарыңа қамалғаны-ай!
Ғажайып күй кештірген сезім -сәуле
өзімді жетелейді саған қарай.
Қыз махаббаты
Білмеймін:
жанарыңнан сыр ұқтым ба,
әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба –
өзің болдың, әйтеуір, бұл күнгі әнім,
көтеріп ап кетіп ең – бұлқынбадым –
әлде аймалауыңа құнықтым ба?!
Білмеймін:
құшағыңда дір еттім бе,
алып ұшып бара ма-ау жүрек мүлде…
Ойлағым да келмеді ештеңені,
күндіз бе әлде, білмеймін кеште ме еді,
тек ұққаным – жан бірге, тілек бірге.
Білмеймін:
пәк сезімге мұқтаждау кезім бе еді,
сеніміңді көп болған сезінгелі,
сезінгелі, сені ойлап көз ілгелі…
Іңкәрлықтан, аяулым, тына көрме,
бақыт деген сәттерден тұра ма әлде,
онда өтіп кетпегей тез ілгері.
Сол сәтте
бұлтты аспаннан жарқ етіп қарады ақ Күн,
шуағына бойымды аралаттым.
Сезімімнің қақпасын дара қақтың.
Елжіресіп, ұғысып, сеніп бірге,
ағыл-тегіл сезіммен еріттің де,
өзің маған өзім боп бара жаттың…
Ақ мамам
Еркелесем күлімдейтін
Ұрысқаны білінбейтін
Маңдайымнан иіскеп менің
Құлыншағым күнім дейтін
Ақ мамам, ақ мамам
Құлыншағым күнім дейтін
Әлемдегі ақылды адам
Бәрінен сол жақын маған
Ол жанымда жүрсе мен де
Батырларша батылданам
Жамандықтан сақтандырып
Жақсы ісімді мақтан қылып
Мәпелеген ақ мамамды
Жүрсем деймін шаттандырып.
Әйелге деген махаббат
Түндерде жалын боп өткен
біреуді жаным деп өпкен
сенің гүл еріндеріңнен
әйтеуір жерінбедім мен.
Жұттым да көзде жасыңнан,
төсіңнен өзгеге ашылған
басымды ала алмадым ме
(қайғым ба ең, жанар бағым ба ең?!).
Көлдегі сағым көрікпен
жанарды жанымды еріткен
құштым мен ашқарақ күймен
(білемін – басқа да сүйген).
Ең алғаш құшқаным да – өзің,
балқытқан күш-жалын да – өзің,
ең алғаш сүю дегенді
үйреткен ұстазым да – өзің.
Жанымнан мұңым кеткелі
сен болдың күнім көктегі.
…Қайғым тек – осының бәрі
басыңнан бұрын да өткені…
Мен саған ғашық емес ем
Сен үшін сонау алыстардағы елес ем.
осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді
сезуші едің ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым.«Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан
жетпей жүрді ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,«бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Достар
Ақ, қарамыз, сарымыз
Тату доспыз бәріміз
Достық жайлы ән салып,
Шырқатайық кәне біз
Жүзімізге қараңыз
Бал-бұл жанған баламыз
Бізге қымбат күн шуақ
Бізге қымбат анамыз
Күннің нұрын сүйеміз
Қырдың гүлін сүйеміз
Бізді ойнатып тәтелер
Күлдіргенін сүйеміз
Балдырғанбыз арай жүз
Бал-бұл жанып қараймыз
Ойыншықтар біздерде
Көп болғанын қалаймыз
Таласпаймыз біз бірақ
Отырамаймыз тұнжырап
Қуысамыз көгалда
Жүгіреміз құлдырап
Ән саламыз күнде біз
Шаттық толы іргеміз
Біз мәңгіге достармыз
Біз мәңгіге біргеміз
Өмір сен
Балалық шақтың әнімен,
Балауса, балғын сәнімен
Ертегілердің елінен
Еркелей басып келіп ем.
Өмірдің көркем бағынан
Өзіңді көрсем, жаным-ән!
Бөлеп ең мені бақытқа,
Сол күндерімді сағынам.
А-хау, сол бір күндер-ай,
Сағындың ба өзің де…
Жалғыз сенсің – өмірде,
Жалғыз сенсің – көңілде.
Жалғыз сен ғана жалғанда
Бастайтын мені таңдарға!
Жанымда болса екен деп,
Оранам аппақ арманға.
Қуаныш шашшы көңілге
Түсімде және өңімде!
Ғашық боп, жаным, жүрмін мен
Сен бар деп мынау өмірде!
Анажан
Аялап көлдей
Нұр шашып күндей
Жанына мені балаған
Көңілі көктем
Мейрімін төккен
Аяулым сенсің, анажан
Асыл әнімсің, жазғы таңымсың
Өзіңмен нұрлы жолдарым
Тылсым жылдарда
Қиын сындарда
Тілегің — менің қорғаным
Қайда жүрсем де
Ойым бір сенде
Сенімің болды тұмарым
Болсам деп бірге
Сағынам күнде
Жан ана сенсің
Жыр әнім