"Жартылай шешіндіріп, көк ала қойдай етіп сабады": Өмірқұл Айниязовтың әйелі перзент сүю үшін емшіге барғанын айтты
Фото: https://www.instagram.com/farida_ainiyazova
Танымал әнші Өмірқұл Айниязовтың әйелі Фарида Айниязова Kun.kz-ке берген сұхбатында перзент сүю мақсатында емшілерге жүгінген кезеңін еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әншінің әйелі 42 жасында екінші рет ана боламын деп ойламағанын, бірақ ішіндегі үмітін ешқашан үзбегенін айтты. Оның сөзінше, жұбайы Өмірқұл Айниязовпен тұңғышы 5-6 жасқа толғанда емделе бастаған.
“Ең мықты деген дәрігерлерге бардық. Біз ол уақытта Талдықорғанда тұратын едік, 2011 жылы қатынау қиын болғандықтан, Алматыға көшіп келдік. Балгер, емші секілді қазақы ем жолдарына да жүгіндік. Қай жерде қандай емші бар, қандай дәрігер бар, кім көтерте алады, бәріне бардым десем болады. Бірақ соңында дәрігерлердің арқасында жүкті болдым. Айтарлық ауыр диагноз болмады, жай ғана алланың жазғаны болып тұр ғой”, – деді ол.
Ол әңгіме барысында емшілердің өзін ұрған кездері туралы айтып берді.
“Негізі емшілерге бару қаншалық дұрыс екенін білмеймін, бірақ сол уақытта барғаным дұрыс деп есептедім. Бала көтертетін емші деп бір кісіге барған кезіміз есімде, ол жаққа әйелдер бір қатар болып жатады. Емшінің өзі ірі ер адам болды. Сонда жатқан әйелдің аяғының үстіне тізерлеп отырып, екі шынтағымен әйелдің аналық жұмыртқаларының үстінен басатын. Мұны олар “аталар ота жасап жатыр” деп айтатын. Сөйтіп арасында саусақпен ұрады, ер адамның күші көп болған соң өте қатты ауырды. Бірақ мен шыдамды адам болғандықтан, үндемей жата беріппін. 5-6 рет ұрғаннан кейін дауысым қатты шығып кеткен болуы керек, Өмірқұл ана жақтан келіп, “болды” деп алып кетті”, – деді ол.
Фарида Айниязова барған емшілердің бірі әншінің жарын жартылай шешіндіріп, ағашпен денесі көгергенше сабаған.
“Тағы бір есте қалғаны – Талдықорғандағы емші екен. Ол кезде мен 25 жастағы жас келіншекпін, ол 45 жас шамасындағы ер адам. Өзінің қазақы атаның образдағы киімін киіп алады, қолында ұзын таяғы бар. Мені жартылай шешіндіріп, “Қазір аталар сенің қай жерің ауырады, таяқты сол жерге апарады” дейді де таяғымен тарсылдатып көк ала қойдай етіп сабады. Мен бұған 10 күн шыдаппын, оған қоса ақшасын бересің. Бір нәрсені қатты қаласаң ешнәрседен қорықпайды екенсің ғой. Қазір ойласам, “Қалай жалғыз өзім қорықпай барып жүргенмін?” деп ойлаймын”, – деді әншінің жары.
Айта кетейік, бұған дейін жақында ғана әке атанған Өмірқұл Айниязов немерелі болғаны хабарланған еді.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады