Эверест шыңдарында қоқыс тонналап көбеюде: Непал билігі қалдықты төменге алып кетуге міндеттейтін бағдарламаны тоқтатты
Фото: David Liano/Getty Images
Непал билігі альпинистерді қоқысты Эвересте қалдырмай, өздерімен бірге төменге алып кетуге міндеттейтін бағдарламаны тоқтатты. Шенеуніктер бұл бағдарламаның сәтсіз аяқталғанын мойындады. Себебі биік шыңда қоқыс азаюдың орнына жыл сайын тонналап көбейіп жатыр және ол температураға байланысты өздігінен ыдырамайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Альпинистер 4 мың доллар көлемінде кепілдік жарна төлеуі керек болған. Бұл қаражат тек олар өздерімен бірге кемінде 8 келі қоқыс алып түскен жағдайда ғана қайтарылатын. Бағдарлама әлемдегі ең биік шыңдағы қоқыс мәселесін шешуге болмашы болса да үлес қосады деп жоспарланған. Ең төменгі бағалаулардың өзінде Эверестте шамамен 50 тонна қоқыс бар.
Алайда 11 жылдан кейін бұл бағдарлама "айтарлықтай нәтиже көрсетпегендіктен" тоқтатылды. Қоқыс болса, керісінше, жыл сайын көбейіп келеді. Непал туризм департаментінің директоры Химал Гаутам қоқыс мәселесі шешілмегенін ғана емес, кепілдік жүйесінің өзі "әкімшілік ауыртпалыққа" айналғанын айтты. Туризм министрлігінің өкілдер осы жылдар ішінде кепілдік жарналардың басым бөлігі туристерге қайтарылғанын, яғни альпинистердің көпшілігі өз қоқысын төменге алып түскенін мәлімдеді.
Алайда шенеуніктердің айтуынша, бұл жүйе бәрібір сәтсіз болды, себебі альпинистер әкелген қоқыс негізінен төменгі лагерьлерден жиналған. Ал қоқыс ең көп жиналатын жоғарғы лагерьлерден емес.
"Биік таулы лагерьлерден адамдар әдетте тек оттегі баллондарын ғана алып түседі. Ал шатырлар, банкалар, оралған тағамдар мен сусындардың қораптары көбіне сол жерде қалып қояды. Сондықтан ол жерлерде қоқыс барған сайын көбейіп жатыр", – деді Эвересттегі бақылау-өткізу бекетіне жауапты Сагарматха ұлттық паркінің қоршаған ортаны қорғау комитетінің басшысы Цхеринг Шерпа.
Орта есеппен бір альпинист шыңға шығу үшін қажет алты апталық акклиматизация кезеңінде шамамен 12 келі қоқыс қалдырады. Аймақтық билік өкілдерінің айтуынша, қоқыс шығару бағдарламасының тиімсіздігінен бөлек, басты мәселе – бақылаудың жоқтығы.
"Кхумбу мұзды сарқырамасынан жоғары орналасқан бақылау бекетінен басқа, альпинистердің әрекеттерін қадағалайтын ешқандай тексеріс жоқ", – деді Шерпа мырза.
Непал билігі жаңа жүйе тиімдірек болады деп үміттенеді. Жаңа ережелерге сәйкес, альпинистерден алынатын қайтарылмайтын қоқыс тазалау алымы №2 лагерьде бақылау-өткізу бекетін ұйымдастыруға жұмсалады. Сонымен қатар бұл қаражат таудағы рейнджерлерді ұстауға бөлінеді. Олар альпинистердің қоқысты төменге түсіріп жатқанын тексеру үшін таудың жоғарғы аймақтарына тұрақты түрде көтеріліп отырады.
-
Жаһандық жылыну 2025 жылы да рекордтық көрсеткішке жетті – Ғалымдар
-
Мұздықтар 50 жыл ішінде жылдам еріп Германия көлеміндей бөлігін жоғалтқан
Туризм министрлігінің өкілдері бұл алым әр альпинист үшін 4 мың доллар болуы мүмкін екенін, бұрынғы кепілдік сомасымен бірдей және парламент бекіткеннен кейін күшіне енетінін айтты.
Жергілікті шерпа қауымы бұл өзгерістерді көп жылдан бері талап етіп келеді.
"Біз қоқысқа арналған кепілдік жүйесінің тиімділігіне әрдайым күмәнмен қарадық. Өйткені қоқысын төменге түсірмегені үшін біреудің айыппұл төлегенін ешқашан естіген емеспіз", – деді Пасанг Ламу муниципалитетінің басшысы Мингма Шерпа.
Ол жаңа қайтарылмайтын алым ережелері тауды қоқыстан тазалауға арналған қор құруға мүмкіндік береді деп үміттенеді. Эвересттегі қоқыс көлемін нақты бағалайтын сандық зерттеулер жоқ. Алайда онда адам қалдықтарын қоса алғанда, тонна-тонна қоқыс бар деп болжанады. Себебі таудың жоғарғы бөлігінде төмен температураға байланысты мұндай қалдықтар ыдырамайды.
Жыл сайын Эверестті бағындырғысы келетін альпинистер саны да, оларға көмектесетін қызметкерлер саны да артып келеді. Бұл жағдай алаңдаушылықты одан әрі күшейтіп отыр.
Kcell компаниясы қызметкерлеріне арналған жаңа жылдық корпоративке 160 миллионға жуық қаражат жұмсаған