Еуропаның ірі әуежайларына кибершабуыл жасалып, жүздеген рейс кешігіп жатыр
Еуропада жолаушыларды тіркеу мен ұшаққа отырғызуға арналған бағдарламалық жасақтамаға кибершабуыл жасалды. Салдарынан ірі әуежайларда рейстер кешігіп, кейбірі мүлде тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Лондондағы Хитроу, Брюссель мен Берлин әуежайларында ақау болған. Ақау RTX компаниясының еншілес құрылымы Collins Aerospace әзірлеген Muse жүйесінде туындаған. Бұл жүйені әлемнің көптеген әуе компаниялары қолданады.
Хитроу әуежайы жолаушыларға рейс мәртебесін алдын ала тексеріп, алыс бағыттарға ұшарда әуежайға үш сағат бұрын, ал ішкі рейстерде екі сағат бұрын келуді ұсынды. Брюссельде шабуылға байланысты тіркеу мен отырғызу қолмен жүргізілгені, бұл кестеге айтарлықтай әсер еткені айтылды. Берлинде тіркеу сөрелерінде күту уақытының артқаны хабарланды.
Collins Aerospace компаниясы кибершабуыл электронды тіркеу мен багаж қабылдау жүйесінің жұмысын шектегенін растады. Дегенмен операциялардың бір бөлігін қол режиміне ауыстыруға мәжбүр болған. Қазір компания толық функционалды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ұлыбритания көлік министрі Хайди Александер жағдайды бақылауда алып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол жолаушыларға рейстердің мәртебесін әуе компанияларынан нақтылауды ұсынды.
Киберқауіпсіздік мамандары орталықтандырылған жүйенің тәуекелдерін ескертті. Егер Muse жүйесін өшіруге тура келсе, бұдан да көп әуежайларда ақаулар туындауы мүмкін дейді.
Жолаушылар қазірдің өзінде үлкен қолайсыздықтарға тап болып жатыр. Мысалы, Хэмпшир тұрғыны Мария Кейси Таиландқа бағытталған Etihad рейсінің кешіккенін айтты. Багаж қолмен, қағаз жапсырмалар арқылы тіркелген. Кезекте шамамен үш сағат тұрған екен.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
