Еуропада қол жүгіне қосымша ақыны алып тастау қарастырылып жатыр
Фото: freepik.com
Еуропарламенттің көлік комитеті ұшақ салонында қол жүгін тасымалдау үшін қосымша ақы алуға тыйым салатын бастаманы мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа ұсынысқа сәйкес, әрбір жолаушыға салонға салмағы 7 келіге дейін, ұзындығы, ені мен биіктігінің жиынтығы 100 сантиметрден аспайтын бір қол жүгін тегін алып кіруге рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, алдындағы орындықтың астына орналастыруға болатын жеке зат – мысалы, шағын сөмке немесе ноутбук та бірге тасымалдана алады. Мұның барлығы ешқандай қосымша төлемсіз жүзеге асырылмақ.
Егер бұл ереже қабылданса, бұл Еуроодақ ішіндегі ішкі рейстерге ғана емес, сондай-ақ ЕО елдері мен өзге мемлекеттер арасындағы халықаралық рейстерге де қолданылады.
Бұл бастама ең алдымен Ryanair, easyJet және Wizz Air сияқты бюджеттік авиакомпанияларға әсер етеді. Олар көбіне стандартты өлшемнен сәл асатын қол жүгін де қосымша ақыға рәсімдейтін. Жаңа ереже мұндай әуе тасымалдаушыларды өздерінің бизнес-модельдерін қайта қарауға мәжбүр етуі мүмкін.
Бастаманың күшіне енуі үшін оны ЕО-ға мүше елдердің кемінде 55 пайызы, яғни Одақ халқының 65 пайызына тең келетін мемлекеттер қолдауы керек. Бұл келісу процесі ұзаққа созылып, кейбір ұлттық үкіметтер мен авиакомпаниялар тарапынан қарсылыққа ұшырауы мүмкін. Мысалы, Испания бастаманы қолдайтынын мәлімдеді. Ал басқа елдер әзірге нақты ұстанымдарын білдірмей отыр.
Егер жаңа ереже қабылданса, жеңіл багажбен саяхаттайтын жолаушылар үшін сапар әлдеқайда ыңғайлы және үнемді болады. Алайда бұл шешімнің даулы тұстары да бар. Себебі кей жағдайда жолаушы ақша үнемдесе, енді біреулер билет бағасының қымбаттауына тап болуы мүмкін.