Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еуропа көшелерінде бүлік шығарғысы келеді": Ұлыбритания Ресей мен Иранды тапсырыспен қастандық ұйымдастырды деп айыптады

Ұлыбританияның MИ-5 барлау агенттігінің басшысы Кен МакКаллум ресейлік барлау Еуропа көшелерінде хаос тудыруды мақсат етіп отыр деп, Ұлыбритания қазір өз тарихындағы ең күрделі қауіп-қатерге тап болып тұрғанын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Getty Images

Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғалы бері 750-ден астам ресейлік дипломат Еуропадан шығарылды, себебі Батыс үкіметтері оларды тыңшы деп санайды.

Маккаллумның айтуынша, ресейлік барлау қызметтері өрт қою, тәртіпсіздік ұйымдастыру арқылы британ және еуропалық көшелерде бейберекеттік тудырмақ.

Барлау басшысы нақты қандай екенін айтқан жоқ. Бірақ Ұлыбритания мен басқа да елдердің билігі ресейлік арнайы қызметтердің бірнеше қастандығын әшкерелегенін айтады.

Қазанның басында Лондонда украиналық кәсіпкерлерге тиесілі ғимаратты өртеп жіберді деп айыпталғандардың соты басталды. Прокуратураның мәліметінше, олар ресейлік Вагнердің тапсырысы бойынша әрекет еткен.

Польшада ресейлік барлау қызметінің нұсқауы бойынша Еуропаның бірнеше елінде түрлі диверсиялық әрекеттер ұйымдастырды деп айыпталған тоғыз адам ұсталды.

Сәуірде Германияда Ресейдің арнайы қызметі атынан диверсияны жоспарлаған екі күдікті қамауға алынды. Прокуратураның хабарлауынша, олар украиналық әскерилер дайындалатын Германиядағы әскери базаларға шабуылдауды көздеген.

Ресей билігі Лондон "антиресейлік идеяны” енгізуге тырысып жатыр деп, диверсия ұйымдастырды деген айыптауларды жоққа шығарды.

"Егер сіз Ұлыбританияда заңсыз әрекеттерді жүзеге асыру үшін Ираннан, Ресейден немесе кез келген басқа мемлекеттен ақша алсаңыз, ұлттық қауіпсіздік аппаратының барлық қайратын сезінесіз. Мұндай таңдауыңыз үшін өкініп қаласыз", – деп қорқытты Маккалум.

2022 жылдан бері олар Иранның қолдауымен жұмыс істеген 20 қаскүнемді әшкерелегенін айтады. 

Ираннан келетін қауіп өсті деді МакКаллум. Оның айтуынша, Иран Ресеймен бірге қаскөйлікті жасау үшін кез келген нәрсеге дайын.

МакКаллум 2017 жылдан бері Ұлыбританияда 43 шабуылдың алдын алғанын айтты. Оның айтуынша, қастандық жасаушылардың кейбірі атыс қаруы мен жарылғыш заттарды алуға әрекеттенген.

MИ-5-тің лаңкестікке қарсы жұмысында шамамен 75% исламшыл және 25% әсіре оңшылдармен күрескен.

"Мансабымның алғашқы 20 жылы террористік қауіптерге толы болды. Енді ірі еуропалық құрлық соғысы аясында мемлекеттік тапсырыспен өлтіру мен бүліктер қосылды", – деді ол.

МакКаллум жастардың интернетте экстремизмге тартылып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Оның айтуынша, лаңкестікке қатысы бар деген айыппен тергеуге алынғандардың 13%-ға жуығы 18 жасқа толмағандар. Кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш үш есе артты.

Талқылау