"Ет салынған бұрышқа ұқсайды": Алматылық дәрігерлер науқастың өт қабынан 5 мыңнан аса тас алып шықты
Алматылық дәрігерлер науқастың өт қабынан саны 5 мыңнан асатын тас алып шықты. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайды растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханада дәрігерлер ерекше операция жасады. 40 жастағы науқастың өт қабынан 5 499 тас алынды. Бұл – отандық медициналық тәжірибеде тіркелген ең сирек жағдайлардың бірі.
Науқас ауруханаға шұғыл түрде жеткізілді. Оның оң жақ қабырғасының асты ауырған. Өзін әлсіз сезініп, жүрегі айнитынын айтып, шағымданған. Ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде өт қалтасында көп мөлшерде тас бары анықталып, дәрігерлер өт қабын алатын (лапароскопиялық холецистэктомия) болып шешті.
Алайда операция нәтижесі бір топ тәжірибелі хирург дәрігерлерді таңғалдырды.
“Біз тас көп болады деп ойладық, бірақ оның саны 5 500-ге жуық болады деп ойламадық. 20 жылдық тәжірибемде мұндай жағдайды алғаш рет көріп тұрмын", – деді хирургия бойынша бас дәрігердің орынбасары Фараби Стамқұлов.
Дәрігерлер мұның өмірде бір рет кездесетін жағдай екенін айтты.
"Өт қабы толып қалған. Тура бір ет салынған бұрышқа ұқсайды. Мұндай жағдай өмірде бір рет қана кездесетін шығар", – деді ол.
Операция сәтті өтті. Науқас наркоздан кейін тез есін жиып, көп ұзамай жағдайы қалыпқа келген соң үйіне шығарылды.
Дәрігерлердің айтуынша, өтке тас жиналғанда оның ешқандай белгілері болмайды. Бірақ асқынып кеткен жағдайда онкологияға, ұйқыбез тіндерінің жансыздануына (панкреонекроз) немесе жыланкөздердің (свищ) пайда болуына әкелуі мүмкін деп ескертті.
Бұған дейін Шымкентте 6 жасар қыздың ішінен 1 келі шаш шыққаны туралы жазған едік.