Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Беларусьтен, тіпті Аргентинадан келеді": Неге Қазақстан өз етімен өзін толық қамтамасыз ете алмай, шетелден ет сатып алады?

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Жақында Baron Food компаниясы Беларусьтен жеткізілетін еттің кемшілігі туралы әлеуметтік желіде жазды. Онда сиыр еті Беларусьтегі ет комбинатынан әкелінгені және ол Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сай екені айтылды. Осыдан кейін желі қолданушылары Қазақстанға еттің шетелден келетініне таңғалды.  Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан неліктен шетелдерден ет алдыратынын және ішкі нарықта импортталған ет көлемі қанша екенін анықтап көрді.

Қазақстанда отандық еттің үлесі 100 есе көп

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бізге берген мәліметінше, Қазақстанда негізгі ет түрлері бойынша ішкі нарық отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етілген. Статистика деректеріне сай, 2025 жылы еттің отандық өндірістегі көлемі мынадай болды: сиыр еті – 435 мың тонна, жылқы еті – 177,8 мың тонна, қой еті – 137 мың тонна, шошқа еті – 52,3 мың тонна, құс еті – 371,6 мың тонна.

Министрлік шетелден ет тек қайта өңделетін тауарлар үшін келеді дейді.

"Бұл ретте, ет импорты еркін сауда тетіктері аясында жүзеге асырылады және нарықтық модельдің бір бөлігі болып саналады. Импортталатын еттің басым бөлігі ішкі тұтыну үшін емес, қайта өңдеу мақсатында әкелінеді. Яғни, шетелден жеткізілген шикізат шұжық өнімдерін, консервілерді және басқа да ет өнімдерін өндіруге пайдаланылады", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

2025 жылғы ет импорты мынадай болды: сиыр еті – 16 мың тонна, жылқы еті – 4,4 мың тонна, шошқа еті – 8,1 мың тонна. Бұл ретте қой етінің импорты айтарлықтай төмен (2025 ж. – 2,5 тонна).

Қазақстан қай елдерден ет сатып алады?

Елімізге мына елдерден ет әкелінеді:

  • сиыр еті – Беларусь (12,4 мың тонна), Ресей (1,5 мың тонна);
  • шошқа еті – Ресей (8 мың тонна);
  • жылқы еті – Моңғолия (2,8 мың тонна), Уругвай (0,7 мың тонна), Аргентина (0,7 мың тонна).

Қазақстан негізінен құс етін импорттайды. 2025 жылы құс еті импорты 136,3 мың тоннаға жетіп, жалпы ет импортының 85%-ына тең болды. Оның ішінде Ресейден 77,1 мың тонна, АҚШ-тан 19,9 мың тонна, Украинадан 9,2 мың тонна жеткізілді.

"Сонымен қатар 2025 жылы құс еті өндірісі 3% өсіп, 371,6 мың тоннаға жетті (2024 ж. – 360 мың тонна). Алдын ала деректер бойынша, ішкі нарықтың құс етімен қамтамасыз етілу деңгейі 79%. Импортты алмастыру міндеттері жаңа өндірістерді іске қосу және қолданыстағы құс фабрикаларының қуатын кеңейту арқылы шешіліп жатыр. 2025 жылы 4 жоба іске қосылды, ал 2027 жылға дейін ет бағытындағы 13 құс фабрикасын салу жоспарланып отыр", – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.

Министрлік бізге ет жөнелтетін жеті елдің атын атады. Ал ашық дереккөздерде Қазақстанға ет Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран және Біріккен Араб әмірліктерінен келетіні айтылған.

Қазақстан шетелден не үшін ет сатып алады?

Мал өсірушілер одағының басқарма төрағасы Сырым Ертаев та министрліктің сөзін растап отыр. Оның сөзінше, шетелден келетін ет етті өңдеп сататын компаниялар үшін тиімді, себебі отандық етке қарағанда арзан.

"Иә, Беларусьтен Қазақстанға ет келеді. Себебі бұл етті қайта өңдейтіндерге, шұжық, бұқтырылған ет жасайтындарға өте тиімді. Себебі Қазақстанның етімен салыстырғанда еті өте арзан. Кейбір сауда дүкендері, қолжетімді бағамен, арзан ет сатқысы келеді. Сондықтан солар шетелден алдырады. Бірақ олардың сапасы Қазақстандағы еттен нашарлау, бағасы да төмен. Бірақ дәл қазір Беларусьтен ет әкелуге тыйым салды деп айтылды. Ақау анықталғанға ұқсайды, сондықтан уақытша тыйым салынды", – дейді Мал өсірушілер одағының басқарма төрағасы.

"Қазақстанда ет азайып жатқан жоқ"

Сырым Ертаев Қазақстанның шетелден ет алдыруы елде ет азайып жатыр деген сөз емес екенін түсіндірді. Оның айтуынша, шетелден ет көп келмейді.

"Қазақстанда ет азайып жатқан жоқ, жылдан жылға керісінше ет көп. Жеке қосалқы шаруашылықтар, ұсақ шаруашылықтар, орта шаруашылықтар мал бағып жатқандар көбейіп келеді. Мал жылдан жылға көбейіп, өнімі сыртқа да жіберіліп жатыр. Сондықтан бұл шаруаларға тиімді: ет сыртқы нарықта да, ішкі нарықта да сатылып жатыр. Шетелден ет көп келеді деу дұрыс емес. Орталық Азияда ет өте жақсы бағаланады. Сапасы, құны жоғары. Ішкі өндіріске, шұжық, консерві шығаратындар мен етті терең өңдейтіндерге біздің ет қымбат болады. Сондықтан шетелдік ет көбіне аталған өндірістерге келеді. Кафе, ресторандар мен тұрғындардың дастарханында шетелдік ет тұрған жоқ. Көбіне өндіріс орындарына келеді. Осыған қарап етті шетелден алуға мұқтажбыз ба, ет азайып жатыр ма деп ойлауға негіз жоқ", – дейді Сырым Ертаев.

Оның сөзінше, бүгінде ет саласын дәстүрліден заманауи түрге көшу жағы қолға алынып жатыр. Заманауи түр ғылыми зерттелген, жетістіктері бар жүйесімен жақсы. Қазір біраз шаруалар заманауи құралға көшіп жатқан көрінеді. Оның айтуынша, бүгінде 500 бас малға бір дрон тағайындап қоюға болады. Жасанды интеллектпен малдың нешеу екенін санауға болады.

"Мәселе ет тапшы болуында емес, оны халықтың қалтасы көтермейтінінде"

Ал аграрлық аналитик Кирил Павлов Қазақстан халқының табысы отандық етке жете бермейді деп отыр. Оның сөзінше, мәселе өнімнің тапшы болуында емес, халықтың қалтасы көтермейтінінде.

"Қазақстан шетелден сатып алатын ет мүлдем басқа. Ол – тек өңдеуге арналған арзан шикізат, сондықтан оны дүкен сөрелерінен көрмейміз. Бұл қалыпты, әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Тіпті АҚШ-тың өзі де бір сәтте әрі ең ірі экспорттаушы, әрі ет импорттаушы ел болып саналады. Шикізаттың арзандығы қарапайым өндірістік есептермен түсіндіріледі: ол жақта шөп арзан, су арзан, өзіндік құны төмен. Дегенмен бұл басқа сападағы ет және оны еш жағдайда премиум санаттағы аргентиналық немесе бразилиялық сиыр етімен шатастыруға болмайды. Біздің нарықтағы жағдай туралы айтсақ, ет жетіспейді деп айта алмас едім. Ет жеткілікті. Негізгі мәселе өнімнің тапшылығында немесе жоғары бағасында емес, адамдардың оны сатып алуға табысының жетпеуінде", – деп түсіндірді агроаналитик Кирил Павлов.

"Шетелден келетін ет отандық фермерлерге кедергі келтірмейді"

Дегенмен Фермер Әділет Талғатбеков етті отандық компанияларға сата бергісі келгенімен, үлкен ет комбинаттарына өнімді үнемі таси алмаймыз деп отыр. Сөзінше, шетелден келетін ет біздің нарыққа айтарлықтай әсер етпейді және фермерлерге кедергі емес.

"Шетелден келетін етті көбіне үлкен ет комбинаттары сатып алады. Өйткені ет жыл он екі ай тұрақты болмайды. Ал мұндай ет комбинаттарында ет үзілмеуі керек. Ет қауын мен қарбыз сияқты. Көкөніс күзде көп болатыны сияқты, көктемде арық малдар сойылады. Ал қыста адамдар мол етіп соғым алады. Мұндай үлкен компанияларға біз етті үнемі таси алмаймыз. Сондықтан олар алыстан қатырылып әкелетін еттерді алады. Бұның бізге еш кедергісі жоқ. Қазақстанда ет қаншалықты көп болса да, біз шетелден де ондай етті сатып алуға мәжбүрміз. Оған аса мән берудің қажеті жоқ", – деп түсіндірді шаруа.

Фермердің сөзінше, мал бағып, ет сату оңай шаруа болмағанымен, отандық фермерлерге елімізде етті ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сатқан тиімді.

"Қазақстанда ет сатқан тиімді, себебі билік халық қиналып қалмасын деп көбіне сырттан келетін етті тоқтатады, шекараны жауып тастайды. Ал негізі сырттан ет аламын дегендерге шектеу қоймай, шекараны ашық қойса, біз сияқты фермерлерге жақсы болатын еді. Өзбекстаннан, Қытайдан ет аламын деген адамдарға шектеу қоймаса, бізге жақсы. Сонда ет қымбаттайтын еді. Егер еш шектеу қоймай, бізден етті Өзбекстан, Қытай, Иран, Ирак – бәрі ала берсе, онда біздің етіміздің құны өседі әрі адамдар ауылға барғысы келеді, ауыл шаруашылығына қызығады", – дейді ол.

Фермерлер етін қай кезеңде өткізе алмай қалады?

Былтыр желтоқсанда Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара мал етінің экспортына мөлшерлі шектеулер енгізді. Шектеу 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады делінген. Бұйрыққа сай, квотаның жалпы көлемі – 13 мың тонна. Шектеулер үшінші елдерге жеткізілімдерге де, Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі экспортқа да қолданылады. Квота тек өздерінің бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындары бар компаниялар арасында бөлінеді. Бір экспорттаушыға бір мыңнан төрт мың тоннаға дейін рұқсат етілген.

Ал фермерлер мұндай шектеу қойылмаса дейді. Себебі қазақстандықтар ет алмаған кезеңдерде шаруалар етін өткізе алмай қалып жатады. Шектеу алынса шетелдерге ет сатып, кәсіптен көбірек пайда көрер едік дейді.

"Қазір мемлекет шектеу қойып отыр, себебі қаланың халқы еттен қиналып қала ма дейді. Малымыз өзімізге артығымен жетеді. Бірақ қожалықтар пайда табуы үшін бізше шетелдің ашылғаны тиімді болар еді. Бізге шетелден ақша келер еді. Кейде шекараны жапқан уақытта кейбір фермерлер етін сата алмай, қиналып қалады. Сол кезде "ет сатқан тиімсіз" деп айтады. Ет қымбаттаса, одан ауыл халқы байыса бізге керісінше пайдалы. Сонда қалалықтар ауыл шаруашылығына қызығып, айналысар еді. Егер шекараларды жаба берсе, шетелге сатқызбаса және еттің бағасын қымбат деп тұрақтандыра берсе, онда бізге бала-бара тиімсіз болып кетеді", – дейді Әділет Талғатбеков.

Ет экспортына неліктен тыйым салынды?

Мал өсірушілер одағының басқарма төрағасы Сырым Ертаев 2025 жылы етті шетелге шығармау мәселесі қатты қадағаланған себебін түсіндірді. Басты себеп – қымбатшылық.

"Неліктен қадағаланады деген сұраққа жауап – еттің қатты қымбаттауы. Әрине ет қымбаттаса, фермерлерге жақсы. Ал тұтынушыға, сатып алушыға арзандағаны жақсы. Былтыр жазда ет қатты қымбаттады. Қала халқы, блогерлер мен журналистер айта бастады, шулады. Осы кезде мемлекет ет ішкі нарықта қалсын деп, шетелге шығаруды жауып тастады. Қазір етті талапқа сай ірі кәсіпорындар ғана шығара алады. Арнайы ереже шықты, сол ережеге сай аккредитация өткізуі үшін комиссия келді. Қазір Қазақстанда 5-6 компания ғана ірі қара бойынша етті экспортқа шығара алады. Ал қойдың етін экспорттау тоқтаған жоқ. Сондықтан да қазір қойдың еті қымбат болып тұр. 4100-4500 теңгеден сатылып жатыр", – деп түсіндірді Сырым Ертаев.

Бүгінде мал өсірушілер бірігіп, мемлекеттен экспортқа рұқсат беруін сұрап отыр. Олар жақсы нәтижеден үмітті.

"Мемлекет экспорт мәселесінде осындай шара қолданған соң, біз фермерлер басымызды қосып, одақтасып жатырмыз. Бұрын құрылған және қазір құрылған одақтар бірігіп, жұмыс істеп, ұсыныс айтып жатырмыз. Ұсынысымыз: экспортқа шектеу қойылмасын, ашық тұра берсін. Ал ішкі нарықта фермерлер етті жақсы бағамен сатады, қаланың халқы сол жақта қолжетімді етті алады. Біз 20% ет өндірсек, оның 15%-ын ішкі нарыққа берейік, бірақ экспорт ашық тұрсын деп айтып келеміз", – деп түйіндеді сарапшы.

Еңлік Сақтан
Жұма, 06 Наурыз, 2026 12:31