Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ескі Қазақстанды аңсаушылар бар": Ұлттық қауіпсіздік комитеті депутаттың желідегі Назарбаевтың үгіт-насихаты туралы сұрағына жауап берді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті “Ескі Қазақтанды” аңсаушылар желіде үгіт-насихат жүргізіп жатқанын айтқан Ермұрат Бапидің депутаттық сауалына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: parlam.kz

Депутат Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы мен мәдениет және ақпарат министрінің атына жолдаған сауалында әлеуметтік желілердегі манипуляция мәселесіне тоқталған еді. Депутат желіде тараған Дариға Назарбаеваны мадақтайтын бейнеролик ескі режимді насихаттап, қоғамды жікке бөлу әрекеті болуы мүмкін екенін айтқан. 

Сұраққа жауап берген ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпараттық кеңістікте деструктивті ақпаратты таратуға қатысы бар тұлғаларды анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Комитет мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері интернет-ресурстарда деструктивті ақпаратты таратуға, соның ішінде жаппай тәртіпсіздікке шақыруға байланысты заңсыз әрекеттерге барған 330 пайдаланушы анықталған. 29 адам қылмыстық жауапкершілікке, 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қалғандарына профилактикалық іс-шаралар жүргізілген.



"Алайда интернеттегі саяси арандатушылық ақпаратты таратушылардың көпшілігі жасырын және көбіне шетелдік платформаларда тіркелген болып шығады. Бұл оларды іздеу мен анықтауда белгілі бір қиындықтар туғызатынын ескеру қажет", – делінген ҰҚК-нің жауабында.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті депутаттық сауалда көрсетілген фактілер назарға алынып, алдағы жұмыс барысында ескерілетінін атап өтті. 

Мәдениет және ақпарат министрлігі депутаттық сауалға жауап ретінде өткен жылы заңсыз контенттің 67 471 фактісін анықтағанын хабарлады. "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" заңның талаптарын орындау мақсатында министрлік онлайн платформалардың иелерімен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында шетелдік платформаларға қойылатын заң талаптары түсіндірілген. ВКонтакте (соның ішінде vk.com, mail.ru және Одноклассники), Bytedance (TikTok иесі), Meta (Facebook, Instagram және WhatsApp желілерінің иесі) және Telegram компаниялары Қазақстанда желілерге кім өкілдік ететінін жариялады.

"Платформалардың өкілдерімен кездесу кезінде заңсыз контентті жедел және толық жою қажет екені туралы айтылды. Осы жұмыс аясында тұрақты негізде заңсыз контенттер анықталып, жойылып отырады", – делінген министрлік жауабында. 

Еске салсақ, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға Ескі Қазақтанды аңсаушылар желіде үгіт-насихат жүргізіп, қоғамдық санаға іріткі салып жүргенін айтып, депутаттық сауал жолдаған еді. 

Талқылау