Ескертусіз қару қолдана алады: Қазақстанда мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттігі кеңейтілмек

Қазақстанда мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттігін кеңейту жоспарлануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісте арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты түзетулер туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасында мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттіктеріне өзгертулер енгізу ұсынылған.
Өзгерістер “Мемлекеттік күзет қызметі туралы” заңның 10-бабына енгізілмек.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері антитеррористік операция жүргізілетін аймақта лаңкестерге қарсы алдын ала ескертусіз күш, арнайы құралдар, қару және техника қолдану құқығына ие болады.
Сонымен қатар қажет болған жағдайда өзін-өзі қорғау немесе құқық бұзушыны ұстау кезінде мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері немесе әскери қызметкері қажетті арнайы құралдары немесе қаруы болмаса, кез келген қолжетімді құралдарды пайдалана алады.
Негізгі заң жобасы тек күштік құрылымдарды ғана қамтымайды. Мәжіліс депутаты Болат Керімбектің айтуынша, құжат арнайы мемлекеттік органдарға талантты жастар мен мықты IT-мамандарын тартуға да бағытталған.
Сондай-ақ түзетулер дағдарыстық жағдайларда, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілеттіктерін нақтылайды.
Өзгерістердің бір бөлігі мемлекеттік құпияларды қорғауға қатысты болмақ.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы құпия ақпараттың сақталуын күшейтуді көздейді. Осы мақсатта заңнамада “мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуі” ұлттық қауіпсіздікке қауіптердің бірі ретінде ресми түрде бекітілмек.
Сонымен қатар түзетулер мемлекеттік күзет қызметіне бұйрықтарды орындамау деректерді бойынша әкімшілік хаттамаларды өз бетінше жасау құқығын береді.
Айта кетейік, Мемлекеттік күзет қызметі (МКҚ) – Қазақстан президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган. Қызмет мемлекет басшысының, басқа да қорғалатын тұлғалар мен маңызды нысандардың қауіпсіздігіне жауап береді.
МКҚ қорғайтын тұлғалар:
- Қазақстан Республикасының президенті;
- Сенат төрағасы;
- Мәжіліс төрағасы;
- Премьер‑министр;
- Президенттің жұбайы және басқа бірге тұратын отбасы мүшелері;
- Экс-президент;
- Президент бекіткен мемлекеттік лауазымды тұлғалары;
- Қазақстанға келген шетел мемлекеттерінің, парламенттерінің және үкімет басшылары, (халықаралық келісімдерге сәйкес)
- Қазақстанға келген халықаралық ұйымдардың басшылары және басқа шетелдік тұлғалар, олардың қауіпсіздігі президенттің немесе президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
Еске салсақ, бұған дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті жаңа өкілеттіктерге ие болған туралы жазған едік. Президент жарлығына сәйкес, ҰҚК президентке тікелей бағынатын және есеп беретін, ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесін басқаратын арнайы мемлекеттік орган ретінде айқындалды.
"Әйелдерге тән оюды ерлер пайдаланып жүр": Қазақстандық дизайнер жұлдыздардың ою-өрнекті орынсыз пайдаланып жүргенін сынға алды