"Есімі қанша сәбиге беріледі, бәріне беруге дайынбыз": Қазақстандық кәсіпкер баласына Абай есімін бергендерге неге 180 мың теңге бермек
Биыл елімізде ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтіледі. Осы орайда қазақстандық кәсіпкер Дулат Тастекей ақынның есімі берілген балаларға 180 мың теңге беретінін айтты. Осыған орай Stan.kz тілшісі меценаттан мұндай акция ұйымдастыруға не себеп болғанын, жалпы қанша қаржы бөлгенін сұрап білді.
Фото: Видеодан скрин
Кәсіпкер Дулат Тастекей әуелі қазақстандықтардың баласына Абай есімін бергенін қалай анықтайтынын жеткізді.
“Қазақстандықтар 2025 жылы 10 тамыз күні туған балаларының есімін Абай деп қоятын болса, ASSYLTAS қоғамдық қорына туу туралы куәлігін жолдайды. Біз тексеріп, барлығы сәйкес болса, банк шотына ақша жөнелтеміз”, – дейді Дулат Тастекей.
Сондай-ақ меценат қанша балаға Абай есімі берілсе, сонша ақша бөлуге дайын екені айтты.
“Жалпы қанша баланың атын Абай деп қоятынын білмейміз. 1000 болуы, 100 немесе одан аз болып қалуы да мүмкін. Нақты болжам жоқ. Алайда кемі 100 балаға Абай есімі беріледі деп топшылап отырмыз. Сондықтан неше балаға Абай есімі беріледі, сонша ақша беруге дайынбыз”, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер Дулат Тастекей өзі құрған ASSYLTAS қоғамдық қоры Абай облысында тіркелгендіктен "Менің атым Абай" атты науқанды жүзеге асырып жатыр екен.
“ASSYLTAS қоғамдық қоры 5 жылдан астам қызмет етіп келеді. Биыл біз Абай жылы деп жарияладық. Өйткені қорымыз Абай облысында тіркелген. 2025 жылы Абайды ұлықтау бойынша көптеген жобаларымыз бар. Сол бір жоба ретінде осы "Менің атым Абай" атты науқанды жүзеге асырып жатырмыз. Ол бір жағынан демографиямызға үлес. Екіншіден Абай есімін ұлықтау және Абай деген балалардың көбеюіне ықпал ету. Енді қазір білесіздер көбіне балаларға араб есімдерін қояды. Сондықтан да бұл жерде қазақы аттар болғаны жөн деген оймен жасап жатырмыз”, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, бұған дейін Кәсіпкер ұлына Абай есімін қойған ата-аналарға 180 мың теңге беруге уәде бергені туралы жазған едік.