Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ештеңе істемесем, нені мойындаймын": Qaznews24.kz парақшасының авторы Темірлан Еңсебек сотта сөз сөйледі

9 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Темірлан Еңсебекке қатысты істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: the-village-kz.com

Бұл істе судья Бейнегүл Қайсина. Прокурор – Дидар Қабаев. Заңгер – Жанар Балғабаева. Айта кетейік, айыпталушы Темірлан Еңсебек сотқа тергеу изоляторынан онлайн түрде қатысып жүр. Сотталушы үш өтініш білдірді. Оның біреуінде ғана сот залынан қатысуға рұқсат етілді. 

"Мен адвокатыммен кеңесуім керек, бірақ менің ондай мүмкіндігім жоқ. Соңғы кездесуде полиция қызметкерлері алаңдатып, ақымақ сұрақтар қойды. Мен адвокатымның жанында отырғым келеді", – деді Еңсебек.



Адвокат Жанар Балғабаева Темірлан Еңсебектің өтінішін қолдады. Прокурор Дидар Қабаев бұған қарсы шығып, соттан өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Судья бұл өтінішті қабылдамады және сот отырысы аралас режимде өтетінін айтты. Ол отырыстар офлайн режимде өтетінін мәлімдеді. Бірақ сотталушы бәрібір де онлайн түрде қатысады. 

Темірлан судьяға тағы бір өтініш білдірді. Ол бұлтартпау шарасын, яғни қамаудан үйқамаққа ауыстыруды сұрады.

"Отбасымды сағындым. Анамды көрмегеніме үш ай болды. Сүйікті қызымды сағындым: Маша, мен сені жақсы көремін! Бұрын сотты болмағанымды ескерсек, қоғамға қаупім жоқ", – деді ол. 

Фото: the-village-kz.com

Адвокат оның өтінішін қолдап, оны үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Прокурор соттан бұл өтініштен де бас тартуды сұрады. Судья өтінішті ашық қалдыру туралы шешім қабылдады.

Бұдан кейін прокурор айыптау актісін оқыды. Онда Темірлан Еңсебек "2024 жылдың 21 қаңтарында Qaznews24 қоғамдық парақшасының әкімшісі бола тұра, Наурызбай ауданы мекенжайында орыс ұлты азаматтарының ар-намысына нұқсан келтіретін "Казахстанские рэперы записали трек, посвященный Канделаки" атты мақала жариялады" делінген.

Сотталушы оқылған айыптау актісіне былай деп жауап берді:

"Айыптау қорытындысында менің бейбітшілік пен адамзатқа қарсы қылмыс жасағаным айтылған. Қазақ билігі үшін орыс үгітшілері бүкіл әлем, бүкіл адамзат екенін білмедім. Мен соншалықты не істедім" — деп сұрады Еңсебек.

Судья кінәні мойындау жазаны жеңілдететінін айтты. Сосын сотталушыдан кінәсін мойындайтын-мойындамайтынын сұрады:

"Мойындамаймын. Түсінемін, кінәні мойындауға көндіргіңіз келеді. Ештеңе істемесем, нені мойындаймын?” – деді Еңсебек.

Сотталушының қорғаушысы үзіліс сұрады. Тергеу кезінде Темірлан жазба мен ән туралы айтты. Жауап беру кезінде оның сөзін судья Бейнегүл Қайсина үзіп, түскі үзіліс жариялады. Еңсебектің ісі бойынша сот отырысы тағы да басқа күнге шегерілді:

  • 10 сәуір сағат 15:00;
  • 11 сәуір сағат 15:00;
  • 15 сәуір сағат 10:00 (түскі асқа дейін);
  • 16 сәуір сағат 10:00 (түскі асқа дейін).

Еске салайық, Qaznews24.kz парақшасының авторы, белсенді Темірлан Еңсебек 17 қаңтарда ұсталған еді. Оған Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бабы бойынша іс қозғалған. 

Кейін полиция департаменті Темірлан Еңсебекті “ұлтаралық алауыздықты қоздыратын айқын белгілері бар материалды орналастырғаны” үшін ұстағанын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қазір Еңсебек Instagram парақшасында жариялаған “Йоу, орыстар” әнінің авторы іздестіріліп жатқан көрінеді. 

Талқылау