"Ешкіммен сөйлеспейді": Ұшақ апатынан тірі қалған жалғыз адам апаттың психикасына қалай әсер еткенін айтты
Фото: telegraph.co
Биыл 12 маусымда Үндістанның батысында болған Air India әуе апатынан аман қалған жалғыз адам – Вишваш Кумар Рамеш қайғылы оқиғаның психологиялық салдарынан бүгінде өз бөлмесінен шығуға қорқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
The Telegraph басылымының мәліметінше, апаттан бері 4 ай өтсе де, Вишваш Кумар Рамешді сол күнгі естеліктер әлі мазалайды. Рамеш Ұлыбританияның Лестер қаласындағы үйінде журналистерге берген сұхбатында аман қалса да, бақытсыз екенін айтқан.
“Құдай маған өмір сыйлады, есесіне менің бақытымды алып кетті. Ол менің отбасымның тас талқанын шығарды”, – деді ол.
Оның сөзінше, апат кезіндегі сәттер көз алдына жиі елестейтін болғандықтан, түнде небәрі үш-төрт сағат қана ұйықтай алады. Ал болған жайтты талқылау тіптен қиын.
"Мен бауырымды жоғалттым, мен сындым. Біз бақытты едік, өмірдің әр сәтіннен ләззат алып жүрдік. Бауырым менің тірегім, барым да, нарым да сол еді. Ал қазір ше? Мен қазір бөлмемде жалғыз отырамын, көп сөйлескенді ұнатпаймын, күн сайын қиналып жүрмін”, – деді Рамеш.
Оның айтуынша, отбасының басқа мүшелері де дәл осындай күйде.
"Анам, әкем, інім – бәрі күйзеліп жүр. Ал мен болған жағдайды ешқандай туымыммен талқыламаймын", - дейді ол.
Ұшақ әуежайдан көтерілген соң көп ұзамай апатқа ұшыраған. Boeing 787 Dreamliner бортында 242 адам болған, оның ішінде Рамештің бауыры бар. Аман қалған жалғыз адам – Рамеш. Сондай-ақ ұшақ жерге құлағанда тағы 19 адам мерт болған.
Әлемге тараған кадрларда үсті-басы қан жоса 39 жастағы Рамештің жалаңаяқ ұшақ сынықтарының арасынан шығып жатқаны көрінеді. Тергеу ақпаратына сәйкес, ол 11A орнында отырған және жерге соғылған сәтте ұшақтың корпусында пайда болған тесіктен шығып үлгерген.
Қазір Рамештің өмірі түбегейлі өзгерген. Оның өкілі Радд Сейгердің айтуынша, Air India компаниясы оны тағдыр тәлкегіне тастап, бар жауапкершіліктен қашып отыр. Әуе компаниясы өкілдері Рамешпен кездескен кезде оның психологиялық және физикалық жарақаттары үшін өтемақы төлеуден үш рет бас тартқан. Сейгер Рамештің ақша талап етпегенін, жай ғана әңгімелескісі келгенін алға тартты.
Ал Air India компаниясы "Рамешке қолдау көрсету – біздің маңызды міндетіміз екенін түсінеміз" деп мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, 5 қарашада АҚШ-тың Кентукки штатында UPS әуекомпаниясына тиесілі McDonnell Douglas MD-11F жүк ұшағы Луисвилл қаласындағы Мұхаммед Әли атындағы халықаралық әуежайдан көтерілген соң көп ұзамай апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан жеті адам қаза тапты.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Embraer 190 ұшағы апат болған еді. Баку–Грозный бағытымен ұшып бара жатқан ұшақта 67 адам болған. Олардың 38-і (негізінен Әзербайжан азаматтары) қаза тапты. Қайғылы оқиға алдында әуе кемесі Ақтау әуежайының үстінен бірнеше рет айналып өткен. Пилот 7 700 дабыл кодын беріп, қосалқы әуежайға қонуға сұрау жіберген.
Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.
Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сенімменайта алатынын жеткізген.