Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ешкімге айтылмаған балалық сезім ғой: Актер Жұлдызбек Жұманбай мұғаліміне ғашық болғанын айтты

Бала Жұлдызбек кейін сахна жұлдызына айналам деп ойлады ма екен? Жұлдызбек Жұманбайды көпшілікке танымал еткен «Қызыл орамалды шынарым» қойылымындағы Ілияс рөлі еді. Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында 8 жыл актер болды.

Сосын Мəскеудегі «Театр өнері» институтында (ГИТИС) магистратураны оқып келіп, режиссерлік қызметке кірісті. Жастарға да, балаларға да қойылымдар дайындап жүр. Əсіресе, бала көрермендерді қуантсам деген жоспары көп екен. Ал біз актер, режиссер атанғанға дейін қандай бала болғанын сұрастырдық, деп жазады Ұлан газеті.

Ұлан: Ең алғаш мектепке барған кезіңіз есіңізде ме?

Жұлдызбек: Əке-шешем бригадир болған соң, күнұзақ далада жүретінбіз. Мектепке киетін киімді əке-шешем бір ай бұрын əперген еді. Сол киімді күніге бір рет киіп көріп, айнаға қарап, мəз боламын. 1 қыркүйек күні атам мен əке-шешем мектепке жетектеп апарды. Қолымда қияқтың гүлі бар. Көрші 5-6 баладан артық танымайтын едім, енді бірге ойнайтын кө-ө-өп дос тауып алғаныма қуандым. Бірақ, алғашқы күндері бір ыңғайсыздық болды. Атамыз басымызды тақырбас етіп алып тастаған. Балалар менің басыма қарап мазақтай беретін. Содан ыңғайсызданып, мектепке барғым келмей қалған. Сонда Баян апайымыз: «Балалар, бір-бірлеріңді бұлай мазақтап, күлгендерің жарамайды. Жақсы адамдар бір-бірінен кемшілік іздемейді. Бір-біріңді көтермелеп жүріңдер», − деді. Сол сəттен бастап бəріміз бауырдай болып кеттік. Алғашында сурет салуға қызығатынмын. Ұлдар аттың суретін салуға əуес едік. 4-5-сыныпқа келгенде мектебімізде көркемсурет үйірмесі ашылды. Сол үйірмеде 5 жыл оқыдым.

Ұлан: Мұғалімдердің ерке оқушысы болдыңыз ба?

Жұлдызбек: Мектеп директорымен көрші тұрдық. Ол кісі біздің үйдегі құдықтан су алуға келетін. Мен сонда атама «сабақтан сұрап алшы» деп сыбырлаймын. Атам еркелігімді қолдап: «Əй, Байбұлан, бүгін Жүкентай сабаққа бармайды, ауырып тұр», − дейді. Бір күні директор ағай мені шақырып алып: «Жұлдызбек, сен сабақтан қалмасаңшы, олай болмайды», –деді. Сол сөзінен соң сабақтан себепсіз қалмайтын болдым. Кемпір-шалдың баласы болған соң, еркелеу болдық.

Ұлан: Үйдің үлкені ме едіңіз?

Жұлдызбек: Жоқ, он бір баланың жетіншісімін. Жұмсауға ыңғайлы бала болғанбыз ғой. «Қораны Жүкентай жақсы тазалайды», «осы Жүкентай қойды жақсы бағады» десе болды, шапқылап кететінмін.

Ұлан: Алғаш рет театрды қашан көрдіңіз?

Жұлдызбек: Мектепте жүргенде актер болам дегенді ойламаппын. Театрды алғаш рет мектепті бітіріп, Семейге М.Төлебаев атындағы саз колледжіне оқуға келген кезде көрдім. Ауылда концерттерде хорға қатысатынмын. Қатарлас балалардың басын қосып, «Тамаша», «Бауыржан шоудың»қойылымдарын қайталап қоятынбыз. Кім қай рөлді сомдап, кім қандай образ жасау керектігін ойластыратынмын. Ауылда концерт бола қалса, сахнаға микрофонды, өнерпаздың орындығын алып шыққанға да мəз болатынмын. Қой бағып жүріп, бір кейіпкерлерді сомдайтынмын. «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің оқ тиіп, аттан құлайтын жері бар емес пе, сол эпизодты күніге репетиция жасайтынмын. Көрерменім – қойларым (күліп). Əкем екеуміз хоккейдің матчтарын көретінбіз. Ол кісінің Макаров деген жақсы көретін хоккейшісі бар-тын. Матчтан соң шабыттанып көшеге шығамын да, «Макаров, пас бер!» деп жалғыз өзім хоккей ойнайтынмын. Бірде ауданда Абай атамызға арналған бір шараға орай сахналық қойылым əзірленетін болды. Бала Абайдың рөліне оқушы іздестірілді. Кастингте мені таңдады. Арнайы режиссер кісі келді. Сөйтіп, аудандағы мұғалім ағай-апайлармен бірге мен де қойылымға қатыстым. Қазір ойласам, бала Абай сахнадағы ең алғашқы рөлім екен.

Жұлдызбек: Қайырғали деген сыныптасымды Какок дейтінбіз. Екеуміз 9-сыныпқа дейін темірден, ағаштан мəшине жасап алып ойнайтынбыз. Басқа балалар жігіт боп, қыздарға қарап жүрген кез ғой. Какок екеуміз аспанға қарап, «ана ұшақпен Алматыға, Мəскеуге барсақ…» деп армандайтынбыз. Қазір Алматыда тұрамын, Мəскеуде оқыдым. Сол ұшақпен талай мəрте ауылымның үстінен ұшып өттім ғой…

Ұлан: Қандай да бір музыкалық аспапта ойнай аласыз ба?

Жұлдызбек: Біздің ауыл жаққа фагот аспабынан үйірме жүргізетін мұғалім келді. Оны бес жыл оқу керек еді, мен үш жылдан соң тастап кеттім. Өйткені, балалар фаготпен жүргеніңде «жігітке жараспайды» дегендей келеке қылатын. Бір жағынан 5 шақырым жерге қыста, жазда барып-келуді қиынсындым. Сол музыкалық мектепте оқып жүрген кезімде қаладан бір жас мұғалім апай келді. Ол жас апайдың əтірінің иісі де, жүріс-тұрысы да бөлекше еді. Сол апайым көріп қалар ма деп, шашымды əдемілеп тарап, жақсы киініп жүруге тырысатынмын. Мен жаққа басын бұрып қалса, іштей мəз боп қалатынмын. Ешкімге айтылмаған балалық сезім ғой. Сол фаготты аяғына дейін оқи салуым керек еді…

Ұлан: Көрерменге қандай жаңа қойылымдар ұсынбақсыздар?

Жұлдызбек: ЭКСПО көрмесіне орай «Базарың құтты болсын!» деген Байғали Есеналиевтің шығармасы бойынша далалық қойылым дайындап жатырмыз. 1845-46 жылдары өткен жəрмеңке туралы қойылым. Ол жəрмеңке қазіргі ЭКСПО секілді ғой. Үш айға созылған мəдени шара болған. Сондай-ақ, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» шығармасын сахнаға лайықтап, жылдың аяғына дейін көрерменге ұсынбақпыз. Үлкен театрларымызға көрерменді бала күнінен тəрбиелей білуіміз керек. Қазақ балаларының өзіне арналған балет жəне опера театрлары болғанын армандаймын. «Интернеттен сұмдықтың бəрін көріп жүр ғой» дей бермей, жас өскінге таза дүниені ғана көрсетсек деймін. Балаларға ғана емес, ересектерге де мейлінше таза дүниені ғана көруге ұсынсақ жақсы болар еді. Кірдің үстіне кірді жаға бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Қазақ халқының тəрбиесі «ұят болмасын» деген бір сөзде тұнып тұр емес пе?!

Сұхбаттасқан Қарлығаш Досанова

Тағы да оқыңыз:

Журналист Руслан Бөлебай қайтыс болардан біраз күн бұрын “сендерге Алматының төбесінен қарап тұрам” деген

Талқылау