Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешкім жедел жәрдем шақырған жоқ": Шерзаттың әжесі немересін көз алдында қалай соққыға жыққанын айтып берді

18 сәуірде Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот марқұмның әжесі Жұмабике Кадировадан жауап алып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Шерзаттың әжесі сотталушылардың ішінде Шынасыл Абзалды танып тұрғанын айтты. 

Кадирова 2024 жылы 4 қазанда болған оқиғаны баяндап берді.

“Түнгі сағат 23:00-де жұмыстан келіп, кешкі ас ішіп отырғанмын. Бір уақытта Қаржаубай хабарласып, Шерзат біреуді ұрып қойды, Нұрқанатты жіберіңіз деп айтты. Нұрқанат оянып сыртқа кетті. Келініме айтып, мен де ізінше шықтым. Жолда такси тоқтатып, барамын дегенше 20 минут өтті. Дүкенге жеттік. Жан-жағымнан Шерзатты іздедім. Ол жерден бір топ адам көремін деп ойламадым. Балам Шерзат көрінген адамның жағасынан ұстап, өзінен-өзі тиісетін бала емес”, – дейді марқұмның әжесі. 

Марқұмның әжесінің айтуынша, сотталушылар үш көлікпен Шерзатты өлтіру үшін арнайы келген. 

“Олардың пышақпен келетінін білгенде әуелі жедел жәрдем мен полиция шақыратын едім. Жолды кесіп өткен бойымда балалар алдымнан жүгіріп өтті. Сол сәтте балалар тоқтаңдар деген кезде, көк киім киген Абзал мені итеріп жіберді. Нұрқанаттың ажалына да осылар себеп болды. Нұрқанат, “мама олар құмырсқаны басып кеткендей көріп отырған жоқ” деп айтты. Орнымнан тұра алмай, балама қарасам, сол жерге барғанның бәрі Шерзатқа қол көтерді. Баламды олай ұратындай, Шерзаттың не істеп қойғанын түсінбедім. Досы Қытайға кететін болып, дүкеннен сусын аламын деп барғанмын. Оны ешқашан түнде көшеде жүргізген емеспін. Мына адамдар тобы баламды әдейі өлтіру үшін келіп отыр”, – дейді марқұмның әжесі.

Әжесінің айтуынша, Шерзат құлағанға дейін Нұрқанат та, келіні де жете алмаған. 

“Келінімнің қолынан екі адам ұстап алған. Шерзат құлағанға дейін Нұрқанат та, келінім де жете алған жоқ. Бұл сотталушылар – дайындықпен келген адамдар. Бұл балалардың бірде-біреуінің түрін бұрын-соңды көрмегенмін. Кеткен кезде үш көлік толып кетті. Бұлар Нұрқанатты да, Шерзатты да өлтірдік деп кеткен адамдар. Олардың қолдарында жылтыраған пышақ болды. Қаржаубайды екі бала қуып, алысып, бетінен бөтелкемен ұрды. Ол пышақ тек біреуінде деп ойлаған. Бірақ біз пышақты Шерзатқа тығады деп ойламадық”, – дейді Кадирова. 

Жұмабике Кадированың айтуынша, келген сотталушылар үш көлікке толып отырып кетті. 

“Ол жерде 15-ке жуық адам болды. Шерзаттың екі досы келіп, орнымнан жылжытып, отырғызды. Есімді жиып, қарасам көп адам үш көлікке толып отырып кетті. Ол қыздардың не үшін жүргенін түсінбедім. Қыздар жедел жәрдем шақырсаңызшы деді. Бірақ ешкім жедел жәрдем шақырған жоқ. Оларды жігіттер көлікке сүйреп отырғызып алып кетті. Шерзат біраз жерге барып құлады. Оны құлағаннан кейін ұрды. Ұрған сайын басын көтеріп, қайта-қайта құлағанын көрдім. Нұрқанатқа үш пышақ кірген. Ол сол жерде жатқан”, – дейді Кадирова.

Жұмабике Кадированың сөзінше, Шерзаттың досы Ахметтің басынан күдіктілер ұрған.

Шерзаттың әжесі 24 қазанға дейін ешкім жауап алмағанын айтты. 

“16 жыл бойы Шерзатпен ұйықтап, Шерзатпен тұрдым. Маған қиын болды”, – дейді марқұмның әжесі. 

Талқылау