Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір санды түзеуге 15 миллион теңге жұмсаған": Щучинсктегі жаңажылдық безендіру қызу талқыға түсті

Фото: әлеуметтік желіден

Щучинск қаласында "2026" деген жазуы бар жаңажылдық инсталляция қызу талқылануда. Қала тұрғындарының назарын соңғы сан аударды, көпшілік оны өзгертілген "5" санына қатты ұқсатады. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде тез тарап, талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Талқылауға Threads желісіндегі жазба себеп болды. Оның авторы мерекелік безендірудің ұқыптылығына күмән келтіріп, жағдайды мысқылмен сипаттаған.

"Щучинск әкімдігі осылай бола берсін, бәрібір ешкім байқамайды!", - делінген жазбада.

Осыдан кейін қолданушылар түрлі болжам айта бастады. Көбі инсталляция былтырғы нұсқадан алынып, сәл ғана өзгертілген деп жазған.

Кейбіреулер мұны әзілмен қабылдаса, басқалары керісінше қолдап, декорды қайта пайдалану бюджет қаражатын үнемдеудің ақылға қонымды жолы екенін айтуда.

"Егер бұл қайта жаңартуға бірнеше миллион жұмсалмаса, жігіттерге респект. Ескі әшекейлерді қайта қолдану бюджетті босқа шашқаннан әлдеқайда дұрыс", "Мердігер үшін шығын жағынан үнемді. Бірақ осы “туынды” үшін бюджеттен қанша табыс тапқаны қызық" деп жазды желі қолданушылары.

Кейбіреулер бұған дейін де талқылауға түскен Степногорск қаласындағы сәулеттік нысандарды еске алды. Бұған дейін әкімдіктің ол мүсіндерді алып тастауға уәде бергені хабарланған еді.

"Threads-та Степногорск туралы, біздің 11 миллион жайлы әлі білмей ме?" деп жазды желі қолданушысы.

Кейін былтырғы "2025" деген инсталляцияның фотосы жарияланып, талқылау одан әрі күшейе түсті. Көрініс жағынан екі конструкцияның өте ұқсас екені байқалады.

"Бұл былтырғы Щучинсктегі инсталляция, қалған декор мен құрылым да сол күйі", - деп жазды қолданушы.

Біз Щучинск қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жаңа жылдық инсталляцияның бөлшектелетін (модульдік) түрде жасалғанын, сондықтан оны толығымен жаңадан жасамай-ақ, жекелеген элементтерін ауыстыруға болатынын түсіндірді.

"2026 жылғы Жаңа жылға дайындық барысында өткен жылы қолданылған “5” саны алынып, оның орнына реставрациялық жұмыстар мен қолданыстағы конструкцияны жетілдіру арқылы “6” саны орнатылды",  - деді әкімдік.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайын мүлде жаңа фигура жасау міндетті де, тиімді де емес. Егер конструкция жарамды әрі жақсы күйде болса, тек жекелеген бөліктерін ауыстыру жеткілікті.

"Мұндай тәсіл шығындарды едәуір азайтып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және мерекелік безендіруге кететін уақытты қысқартуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Сондай-ақ барлық жұмыстар келісімшарт аясында атқарылғаны және мерекелік безендіру талаптарына толық сәйкес келетіні айтылды.

"Қабылданған шешім жаңа жылдық фигураның сапасына, сыртқы келбеті мен жарамдылығына әсер еткен жоқ. Сондықтан бұрын жасалған конструкцияны бір санын ғана ауыстыру арқылы пайдалану негізделген, экономикалық тұрғыдан тиімді әрі бюджет қаражатын тиімді басқару қағидаттарына сай келеді", - деп қорытындылады әкімдік.

Желтоқсан айында әкімдік жалпы сомасы шамамен 75 млн теңгені құрайтын үш тиісті келісімшарт жасасты. Ең ірісі –  ашық конкурс арқылы "NEW LEVEL" ЖШС-мен жасалған 44,4 млн теңгелік шарт. Құжат жүзінде бұл – адамдардың жаппай жиналуына жағдай жасауға арналған жұмыстар. Алайда мемлекеттік сатып алу порталында аталған келісімшарттың техникалық спецификациясы жарияланбаған, ал компанияның сайтында оның қалалық безендірумен айналысатыны көрсетілген.

Екінші келісімшарт – бір көзден алу тәсілімен ИП Бостанбаевпен 15 млн теңгеге жасалған. Дәл осы компания "2026" деген цифрларды қоса алғанда, жаңа жылдық элементтерді реставрациялау және орнату жұмыстарын жүргізген.

Сонымен қатар техникалық спецификацияда биіктігі үш метр болатын, жарықтандырылған бір жарым метрлік цифрлары бар "Аркасы бар жылқы мүсіні" композициясын жасау көзделген. Алайда қызығы, құжатта "өткен жылғы жарық фигураларын жөндеу және қалпына келтіру" деген жеке бөлім бар. Яғни ескі конструкцияларды жаңарту тәжірибесі бастапқыдан-ақ қарастырылған және оған бүлінген гирляндаларды ауыстыру, қаңқаны қалпына келтіру және жабындыны жаңарту кірген.

Цифрлардан бөлек, келісімшарт бойынша шырша ойыншықтары түріндегі жарық шарлары, биіктігі екі метрлік фонтан, үш түрлі көлемдегі сыйлық қораптары, "Феникс оттары", "Солтүстік шұғыла", фламинго және аққала мүсіндері орнатылуы тиіс болған. Бұған қоса, 150 ағаш пен бұта гирляндалармен безендіріліп, 200 метр жарық аркалары тартылуы қажет.

Айта кету керек, бұл мердігермен әкімдік алғаш рет жұмыс істеп отырған жоқ. Бұған дейін билік өкілдері онымен желілер мен жабдықтарды жөндеуге қатысты ұқсас келісімшарт жасаған.

Үшінші келісімшарт 15,5 млн теңгеге "Grad ART" компаниясымен қаланың эстетикалық келбетін жақсарту үшін жасалды. Оның аясында металдың коррозиясы мен тұғыр тігістерінің бұзылуына байланысты күрделі жөндеуді қажет еткен қалалық ескерткішті реставрациялау жұмыстары жүргізілген.

Осы келісімшартқа көше жарығы тіректеріне жарық паннолары мен конструкцияларын орнату да кірген, бұл да ішінара жаңа жылдық безендіруге жатады.

Осылайша, соңғы келісімшартты есепке алмағанның өзінде, Щучинск қаласының жаңа жылдық декорына шамамен 60 млн теңге жұмсалған. Ал техникалық талаптарда барлық материалдар мен жабдықтар жаңа болуы тиіс деп көрсетілген. Тек цифрлардың өзі ғана ерекшелік болуы мүмкін.

Рая Мінәп
Дүйсенбі, 29 Желтоқсан, 2025 17:47