Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкіміне алаяқтық жасады деген айып тағылды
Ақмола облысында Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, экс-сенатор Самат Ескендіровке қатысты сот процесі жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Qaz-media.kz
Ақмола облыстық сотының хабарлауынша, іс Көкшетау қалалық сотында қаралып жатыр. Басты сот 3 маусымда басталды. Сот ашық режимде өтіп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Самат Ескендіров Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы "Алаяқтық" бойынша қылмыс жасады деп айыпталып отыр.
Ақмола облыстық сотының хабарлауынша, айыпталушыға тіркелген мекенжайынан кетпеу туралы қолхат алынды.
Айта кетейік, 2013 жылдың қаңтарында Самат Ескендіров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалған. Ол 2014 жылдың мамыр айында қызметінен кетті. Содан кейін облыстағы бірқатар мемлекеттік қызметкерлер заң бұзушылыққа жол беріп, құрылыс басқармасының басшысы мен облыс әкімінің орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Осыған байланысты Самат Ескендіров отставкаға кетті.
Самат Ескендіров 58 жаста. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл және Қызылжар аудандарының әкімі қызметін атқарған. 2011 жылы тамызда "Нұр Отан" ХДП тізімі бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан парламент сенатының депутаты қызметіне сайланды. Ол 2013 жылдың қаңтарына дейін сенатор болды.