"Ешқашан ешкімді ренжітпеген": Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта күдікті Дархан Әскентайдың сыныптасы куәлік жасады
Фото: Жоғарғы сот видео кадры
Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процессінде Қаржаубайдың дүкенінен сыра алып, даудың басында болған Дархан Әскентайдың сыныптасы куәлік жасады. Сыныптасының айтуынша, Дархан ешқашан ешкімді ренжітпеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотта 31 жастағы Еркебұлан Тоқтарбай куәлік білдіріп, сол күні қайда болғанын айтты.
“Дархан Әскентай сыныптасым, Тоқтаубаев Нұрбол мен Тоқтаубаев Азамат досымның інілері. Басқаларын танымаймын. Дарханмен сыныптас әрі бір ауылдан болғасын кездесіп тұрамыз.
Сол күні Айдын есімді сыныптасымның үйіне менің автокөлігімнің газ қондырғысын жөндейміз деп кездескенбіз. Сол жерге Дархан да келді. Ол кейін өзімен сыра әкеліп Айдын екеуі сәл ішті. Бірақ мас болғаны білінбеді. Сау көрінген”, – деді ол.
Еркебұлан көлігін жөндеген соң Дарханды алып қайтпақ болған.
“Дархан менің көлігіме отырды. Меделеев көшесіндегі дүкен жолдың бойында болған. Дарханды сол жерден тастап кеттім. Өзі осы жерден тастай кетші деді, үйі сол аумақта еді. Көлікте отырғанда біреуден 1 000 теңге көлемінде ақша сұрады. Мен оны естіп ешкімге жалынба деп өзім беріп кеткенмін”, – деп қосты ол.
Сыныптасының айтуынша ол оқиға туралы тек келесі күні желіден естідіген.
“Сыныптасым болғасын жақсы білемін. Ешқашан ешкімді ренжіткенін көрген емеспін. Өз басым төбелескенін көрмегенмін”, – деп өорытты ол.
Адвокаттар сыныптасынан Дарханның бұрын осындай істерге қатысты болғанынан біліп-білмегенін сұрады. Алайда сыныптасы бұдан хабарсыз екенін жеткізді.
– "Абзал "ешнәрсе айтпаңдар, бұл біздің "тема" деді": Шерзат сотында тағы екі куәгер жауап берді
– Шерзат Полат ісі бойынша куәгер қыздардың бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Дархан Әскентайдың үстінен бұрын іс қозғалған. Алайда ол іс сотқа жетпей тоқтаған. Оның соттылығы жоқ.
Дархан Әскентай – Шерзат Полаттың өлімі болған төбелес алдында Қаржаубайдың дүкеніне келіп, сыра алған азамат.
Еске салайық, бұған дейін Шерзаттың ісі бойынша бірінші куәгерлік еткен Эльмира Нұрбекованы сотта берген куәлігін өзгерткені үшін прокурор мен судья оны сынады. Нұрбекова тергеу кезінде пышақпен соққы жасағанын көргенін айтса да, сотта пышақтың барын еске түсіре алмады. Сондай-ақ ол тергеу барысында екі тілде жауап бергенін және кейбір сұрақтарға жауап бермегенін мәлімдеді. Прокурор оның тергеу мен соттағы жауаптары арасындағы қайшылықтарды атап өтіп, жедел жәрдем шақырмауын да сұрады.
Ал екінші куәгер Дана Жақсыкелді сотта куәлік берді. Ол оқиға болған түнде Равиль мен Эльмирамен бірге "Эйфория" кафесіне барғанын, кейін Mercedes көлігіне отырып, Қамажай дүкеніне барғанын айтты. Дүкеннен шыққан соң төбелес басталып, атыс та болды. Дана мылтықтың даусын естігенде қорқып, көлікте отырған. Кейін олар “777” дүкеніне барып, Абзал энергетикалық сусын ішіп, пышақтың жүзін жуғанын байқады. Қорыққандықтан Дана жедел жәрдем мен полицияға хабарласпаған. Шынасыл пышақты саусақ іздерін жою үшін жуғанын мойындады.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
