"Ешқандай "шоксыз", көңілді отырды". Прокурор Шерзат Полаттың ісі бойынша екі куәгер қызды тексеруді талап етті
Фото: Stan.kz
Талдықорған қаласында асқан қатігездікпен өлтірілген Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жарыссөз өтіп жатыр. Мемлекеттік айыптаушы екі куәгер қызға қатысты жаңа қаулы шығаруды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Шындыққа жету жолында сотты әдейі адастыруға тырысатын тұлғалар бар екенін көріп отырмыз. Атап айтқанда, сот отырысында Нұрбекова Эльмира мен Жақсыгелді Дана қылмыс жасалған сәтте оқиға орнында болғанын растағанымен, өздері шок күйде болғанын, кей жағдайларды көрмегенін, құқық қорғау органдарына хабарлауға мүмкіндіктері болмағанын, себебі қорыққанын айтты. Олар өз сөздерінде қалта телефондары сөмкеде, ал сөмкелері көлікте болғанын айтты. Алайда тергеу барысында алынған нақты деректер мен бейнематериалдар бұл мәлімдемелерді толығымен теріске шығарды. Toyota Prada автокөлігінен алынған бейнежазбаға сәйкес, оқиғадан кейін олар өздерін еркін, дөрекі және болған қырғын оқиғаға қарамастан еш уайымсыз ұстаған. Сотталушылармен бірге көңілді отырғандары байқалады. Бұл олардың шок жағдайда болмағандарын, керісінше, жағдайды саналы түрде бақылап, тіпті қасақана үнсіздік танытқанын айқындайды”, – деді Дана Сәрсенбай.
Ол Қылмыстық кодекстің 405-бабына сәйкес, іс бойынша сұралған Нұрбекова мен Жақсыгелдінің әрекеттерін тексеру және оларға құқықтық баға беру үшін жеке қаулыны шығаруды және оны Алматы облысы полиция департаментіне жолдауды сұрады.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Болаттың қазасына қатысты сот отырысында прокурор Дана Сәрсенбай сотталушыларға жаза сұраған еді.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
