Есей Жеңісұлы: Тұрсынбектің «Әзіл әлемінен» бастап, ірілі-ұсақты театрлардың бәрі орысша жаргондарға әуес
…Ғайыптан тайып он жетінші, я он сегізінші ғасырда өмір сүрген бабамыз тіріліп келсе, біздің қазіргі тілімізді түсінбес еді. «Мынау не қойырт пақ?!» деп бөркін жерге бір ұрып, теріс қарап кетіп қалар ма еді?.. Менің ойымша, жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтардың бәрінің ата-бабасы тіріліп келсе, сондай күй кешер еді… Өйткені тіл өзгерді, халықтар да өзгерді, дүниенің бәрі өзгерді. Тұтас халықтар жұтылып кетті, тұтас тілдер жоқ болды.
Бұл туралы Айқын газеті жариялады.
Осы күні жер бетінде үш мыңға жуық тіл бар десеңіз, әр жыл сайын оннан жиырма беске дейін тіл жоғалып отырады екен. Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» хикаятында профессор Бейкер араку тайпасының соңғы адамының соңғы демін өз көзімен көрмей ме? Сөйтіп, бүтін бір халық тарих сахнасынан көшіп кетпей ме? Көркем дүние болса да, замана шындығы сөйлеп жатқан жоқ па? Сондықтан қазір мемлекеттілігі бар 200-ге жуық елдің ішінде Қазақстанның да орны айқын, бағыты белгілі екеніне қуанамыз. Сосын тіл мәселесін қайта-қайта айтамыз. Бұдан, әрине, қазақ тілінің жағдайы күрт көтеріліп, я күрт төмендеп кетпейді. Ең бастысы, осындай талқылау, пікірталас болған жерде ғана тіл еңсесі тіктеледі, тамырына қан жүгіреді, дамиды, өседі, өрлейді. Сөз басында «бабаларымыз қазіргі тілімізді түсінбейді» деп отырғанымыз да содан.
Қазіргі дәуір кез келген тілдің ұшқыр, шалт, ұғынықты болуын талап етеді. Әлемге таралып кетті деген ағылшын тілінің өзі жыл сайын «селфи», «гиик» сияқты жаңа сөздерді жат көрмей қабылдап, сіңіріп жатыр. Одан ағылшындардың бәсі түсіп кеткен жоқ. Бірақ дәл осы мәселені қазақ тіліне қатысты алғанда көңілімізде алаң бар екенін жасыра алмаймыз. Қазіргі қазақтың заманауи тілі – таза қойыртпақ. Ең жаманы, жарымжан аударма кп, одан қалса, балама іздеп әуре болмай, ықпалы ең күшті тілдің жетегінде кете береміз. Осыдан үш жыл шамасы бұрын «жаргондар да қазақша болуы керек, ол үрдіс те тіліміздің дамуына ықпал етеді» деп ортаға ой тастаған болатынбыз. Арада сырғып төккен мың күннің ішінде ойымыз орындалмақ түгілі, бәрі керісінше кетіп бара жатқандай. Мысалмен сөйлейік. Қазіргі қазақ ұландары «бәстесеміз бе?» деуді қойды. Бала күнімізде біздің ең көп қолданатын сөзіміз осы еді. Бүгінгі бала «спорласамыз ба?» деп шыға келеді. Бұрын әлденеге бәстесе қалсақ, шылдыр шүмектерімізді айқастыра қойып, ортасын куә болып тұрған досқа «кестіретінбіз». Қазір бәсекенің өзі «спор» болып кеткесін, балалар қол алысып «спорласады». Көрдіңіз бе, бір сөздің орайсыз қолданылуы таза ұлттық ұғымның өңін тіпті айналдырып жіберген…
«Почти-пәшти» сөзі тілімізге таза орнықты. «Кеп қалдың ба, жетіп қалдың ба?» деген сұраққа беретін жауабымыз – «пәшти қасыңдамын». Өте ұғынықты, артық сөзді қажет етпейді. Бірақ дәл осындай тіркестердің тіліміздің табиғатына тіпті жат екенін ойлап жатқан біріміз жоқ. Таразының тілін аңдыған саудагер сіз сатып алған затты «пәшти екі келіге жетіп тұр, толтыра салайын да» дейді. Екі ауыл, я екі қаланың ортасын долбарлап айтар болсақ, «пәшти 50 километр», «пәшти 200 шақырым» дейміз. Тілдің тұнығын лайламай сөйлер болсақ, «екі келіге жетер-жетпес болып тұр», «шамамен 50 (200) шақырым» десек керек еді ғой… Осы П әрпінен басталатын сөздер қазақ тіліне тіпті еркінсіп еніп алды. Қазір «үнемі, ылғи, қашанда, әрқашан» деген синоним сөздер қазақтың ауызекі тілінде мүлде жоқ. Бәрінің орнын «постоянно» жаулап алған. «Постоянно осы» деп кейиміз. «Постоянно хабарласып тұрамын» дейміз ата-анамыз жайлы сөз еткенде. «Постоянно ұтылады» дейміз футболшыларымыз жайлы. Ойда да – «постоянно», қырда да – «постоянно». Құлаққа сіңісті болып кеткесін, балақайлар да солай сөйлейтін болды. «Мен постоянно бес аламын» деп мақтанады олар. Бұл сөздің айтылғандардан бөлек, «дәйім, ұдайы» деген «туыстары» бар десек, талай адамның көзі тас төбесіне шығар-ау… Бір нәрсені еске түсіру, елестету қажет болса, оған да «жіптіктей» сөзіміз дайын – «прикинь». Шындығында, дәл осы сөзді сөйлем басында қолдану да тіліміздің табиғатына келмейді. Оны «ойлашы» деп қолданып, сөз бастап жүрген әдетіміз де бар. Керісінше, қазақ тілінің заңдылығында мұндай қосымша сөздер сөйлем арасына мүлде сіңіріліп кетуге тиіс, яғни бар-жоғы білінбей, айтар ой екпін арқылы аңғарылуы керек . Мысалы , «прикинь, ол ақын осы үйде тұрыпты» деген дұрыс емес, «ол ақын осы үйде тұрыпты ғой» деп «ғой» сөзіне екпін түсіре айтсақ, әлдеқайда оңды болар еді. Қазір екінің бірі сөзін осы «прикиньмен» бастайды. Бұған, әрине, 90-жылдардың басында жаппай көрсетілген атыс- шабыс фильмдер тікелей әсер етті. Әлдебір гангстер улы- шулы кафеге кіріп келеді де, тып-тыныш отырған біреуге тиіседі. Ол, сөз жоқ, қарсыласады. Сонда бас қаһарман: «Прикинь, мынаның маған қарсыласқысы бар!» деп «күтпеген» төбелесті бастап кеп жібереді. Ертеңіне он баланың тоғызының аузында «прикинь, мынау маған әңгіме айтқысы келеді» деген сөз жүреді.
Осы ойды ары дамыта түссек, қазіргі қазақтың ауызекі тілінде екпін қоя сөйлеу үрдісі тіпті кенжелеп барады. Өйткені негізгі ойдың бәрін әлгіндей кірме сөздер жаулап алған. «Келе алмайтының жаман болды-ау…» деп көкірек кере күрсініп, «-ау…» деген шылауды соза айтуды қазір мүлде ұмыттық. «Жаль, что сен келе алмайсың» дей саламыз. Шолтаң-шолтаң бірдеңе, не эмоция, не өкініш аңғарылмайды. Теледидарлардағы шетелдік сериалдарда дәл осындай тіркес «келе алмайтының өкінішті» болып құрғақ аударылып жүргеніне құлақ үйренді. Тіпті қазақтың тіліне тән тіркес сияқты. «Өкінішті» сөзін осылайша тұлғаландырып жібердік, әйтпесе ол сөз арасында ғана келіп, ешқашан жалғыз өзі ойды аяқтап тұрмайтын еді… «Проблема» сөзі тіпті біте қайнасып кетті. Бірдеңені тез шешетінімізді айтып мақтанғымыз келсе, «проблема, что-ли!» деп тұрамыз. «Шемішкеше шағамын ғой», «сол да сөз болып па?» дейтін адам жоқ. «Бірдеңе дұрыс болмай қалса», «егер», «олай болмаса» деген ұғымның бәрін «если что» алмастырды. «Если что, сағат онға таяу бәлен жерде кездесейік» дейміз. «Егер нетсе» деп тікелей аударып алатынымыз да бар. «Сағат онға таяу «Саяхаттың» ұзын сағатының жанында кездесейік, иә?» деп тіпті ешкім сөйлемейді. Көрдіңіз бе, тіл табиғатын біз қаншалық жұтатқанбыз?.. Осындай жағдайға тілді өзіміз душар еттік, басқа ешкім де емес. Мәскеуден орыс келіп, Қазаннан татар келіп тілімізді балталаған жоқ, өзіміз жетекке ердік те кеттік. Сөйте тұрып, тіл тазалығын эфирлерден талап етеміз.
Қазіргі қазаққа «жолсерік» дегеннен «проводник» деген әлдеқайда ыңғайлы. «Жүргіншілер жолы» – «пешеход». «Жерасты жолымен өтеміз» десең, қарсы алдыңда тұрған адам бетіңе қарап ойланып, «мынау қай тілде сөйлеп кетті?» дегенді әлпетімен ұқтырып, біраз уақыт сіңіре алмай тұрады. Оған «подземный ход» деген өте жақын. Жастардың бәрі «тема», «креатив» дегенді жаппай қолданады. «Мынауың тема ғой!» деп сүйсінеді. «Креативный адам», «эксклюзивный сұхбат» қазіргі сөйлеу үлгімізде «пәшкі- пәшкісімен» жүр. Тіпті көркем шығармаларда да басқа тілдердің ықпалымен құралған сөйлемдер өріп жүреді. Осының бәрін айту оңай, бірақ қалай тыйым салған дұрыс? Екі жолы бар. Біріншісі – телеэфирлер тілін тазарту. Күнделікті жаңалықтардан бастап, жұрт жабылып к өретін телесериалдардың аудармаларын мейлінше қазақыландыру керек. Әрине, бұл қиын шаруа, бірақ бәрібір қолға алмай болмайды.
Қазір жаңалық көруден қалдық. Қазақы ұғымға жат сөздер, тіркестер, тіпті жарымжан аударылған мақалдар да осы шағын ғана ақпараттың ішінде сайран салып жүр. Телевидение – халық алдындағы өнер. Экраннан жылт етіп көрінген адам өзіне мәңгі ғашық болып қалуы мүмкін. Бірақ ол халықтың тілін мейлінше таза сөйлеуші болса, екі шоқып бір қараса, әлдеқайда сүйкімді болар еді… Тіпті айтарын қазақыландырғысы келмесе, «теледидар алдында әр сөзімді аңдып отырған қазымыр үлкендер бар ғой» деп бір ойла- сыншы, ары қарай өзі-ақ жақсы жүлгемен кете берер еді.
Екінші жолы – айтқаны халық есінде тез сақталатын әзіл-сықақ театрларының тілін мейлінше қазақыландыру. Туканың «атам-ай, атамның басы-ай» деген бір ғана сөзi қанша жыл жастарға азық болды… Бірақ Тұрсынбектің «Әзіл әлемінен» бастап, ірілі- ұсақты театрлардың бәрі орысша жаргондарға әуес. «Бурабай әзіл-фест» фестиваліне қатысқан осындай ұжымдардың сахна тілін тыңдап отырып, тіпті түңіліп кеткенімізді жасырып қайтеміз? Ендеше, олар «теманың» орнына басқа жаргон іздесін. «Прикиньді» тіпті қолданбауға тырыссын. Ақыры, қазір ауызекі тілді сахнаға сүйреп шықтық па, жай сөйлессек те қазақы ұғымға сай сөйлейік. Әйтпесе, қойыртпақ тіл бұрынғы бабаларды ғана емес, бүгінгі бізді де түңілдіріп барады… Прикинь, осы айтқандарымның бәрінен қорытынды шығып кетсе, иә… Если что, басшылыққа алыңдар, браттар…
Жіберіп алмаңыз:
Телеарналардан түспейтін «Вездеходтар» мәнсіз сөзбен халықты шаршатты деп сыналды
Депутаттар зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алуды ұсынды
Депутат Жамалов ХҚКО-да қаза болған ер адамның туыстарынан кешірім сұрады
Алты баласын қараусыз қалдырып кеткен ана: Мен оларды тастаған жоқпын