"Ертерек алсаң, арзан болады": Air Astana басшысы билет құнына қатысты сынға жауап берді
Мәжілістегі елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған үкімет сағатында Air Astana басшысы Питер Фостер билет құнына қатысты сынға жауап беріп, Flyarystan билеттерінің бағасы әлемдік компаниялармен бәсекеге қабілетті екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Питер Фостер өз сөзінде Air Astana компаниялар тобы монополист емес екенін мәлімдеді. Сөзінше, 2011 жылы компанияда ішкі монополия жойылған.
“Қазір лицензияланған 4 компания жұмыс істейді. Олар: Air Astana group-қа кіретін Air Astana мен Flyarystan, сонымен қатар Scat пен Qazaq air. Енді ішкі де, халықаралық рейстерде де монополия жоқ. Осы жылдың қарашасына дейін FlyArystan 4,1 млн жолаушы, оның ішінде ішкі бағытта шамамен 3,8 млн, халықаралық бағытта 270 мың жолаушы тасымалдады. FlyАrystan Air Astana-ға қарағанда ішкі нарықтағы әлдеқайда ірі оператор саналады. Себебі Air Astana қазіргі уақытта негізінен халықаралық бағыттарды дамытуға басымдық береді”, – дейді Фостер.
Отырыста ол ұшақ билеті бағасына қатысты мәселеге тоқталып, бағаның рейс күні жақындағанда не үшін көтерілетінін айтты.
“Билетті ертерек алсаң, соған орай арзан болады. Билет бағасы сұранысқа да аса байланысты. Сол себепті демалыс және мереке күндері баға жоғары болады. Бұл саладағы динамикалық баға қалыптасуға байланысты әрі әлемдік тәжірибе”, – деді Питер Фостер.
Компания басшысының сөзінше, компанияның барлық шығындары көбіне доллармен жұмсалады.
“Әдетте әуе компаниясының барлық шығындарының 66,6% доллармен есептеледі. Ол – ұшаққа байланысты шығындар. Әрине, ковид кезінде салада кедергілер болды. Сондай-ақ өндірушілер үшін жеткізілім тізбегінде де проблемалар болды. Дегенмен, жергілікті әуе компаниясы ретінде Flyarystan рейстерінің орташа бағасы өзге елдердің әуе компаниялары рейстерінің бағасымен салыстырғанда біршама бәсекеге қабілетті деп санаймыз”, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana басшысы Питер Фостерге наразылығын жеткізген еді.