Ернар Айдар: Әкем мен анамның бет сүйістіріп амандасқанын көрмеппін
Ернар Айдар жеке өмірі туралы ақтарылып сұхбат бергісі келмейді. Ол жары туралы сұрақ қойған журналистерден басын ала қашады. Соған қарап жұрт “Ернардың жұбайын ата-анасы таңдап берген, өзі бақытсыз екен” деп ойлайтын көрінеді. Жұрт көкейіндегі сауалға әншінің өзі жауап берді.
Ернар Hit-TV арнасының “Кездер-ай” бағдарламасына сұхбат берді, деп жазады Stan.kz.
“Сүйікті жарын ата-анасы таңдап беріпті деп айтып жатыр. Жалпы жар таңдау – өмірлік сауда. Сен жар таңдайсың, онымен мәңгілік бірге боласың. Мен үшін ата-анам ең ақылды жандар. Ал ата-ана өз баласына жамандық істей қоймайды деген ойдамын. Үйдің еркесі менмін. 26 жасыма үйленбей жүргенім де еркелігім шығар. Соған көнген ата-анама рақмет. Бәрі ойдағыдай, көңілімнен шығады. Өзім жеке өмірім жайлы көп сөйлегім келмейді”, – деп қысқа қайырған Ернар сол күйі тұшымды жауап бере алмады.
Алайда Ернардың сөзіне қарасақ, расымен де жары Мадинаны әншінің өзінен бұрын ата-анасы ұнатқан ұқсайды.
“Сәкен ағамыз бір сұхбатында: “Мен сені жақсы көрдім деген сөздің өзін арзандатып алдық”, – депті. Шынымен де солай. Менің де әкем түзде жұмыс істеді. 10-15 күннен кейін келеді, анаммен бет сүйістіріп амандасқанын көрмеппін, бұл оларда махаббат жоқ деген әңгіме емес қой. Нағыз махаббат сондай болады деп ойлаймын. Сол себепті “күйем, сүйем” деп жария қылып айта бергім келмейді. Осымен нүктесін қояйық. Оған деген жылы сөздерімді, сыйластығымды өзіне ғана көрсетемін, өзіне ғана айтамын. Өзінің де қалауы, көріне бергісі де келмейді және менің ол жайлы көп сөйлегенімді қаламайды”, – деп түсіндірді ол.
Бұдан өзге, Ернар жұбайының мамандығы жайлы айта кетті.
“Тіл маманы. Төрт тіл біледі: қазақша, орысша, арабша және ағылшынша. Қазір арабшасын әлі дамытып жүр. Қазір ол мені ағылшынша әндерге үйретіп жатыр. Кейбір әндердің қалай айтылуын маған айтып отырады. Жалпы осы, жеке өмірім жайлы басқа ештеңе айтқым келмейді. Бірақ бақыттымын, ел қорланып жүр деп ойлап қалмасын”, – деп түйіндеді сөзін Ернар.
Жіберіп алмаңыз:
Ақша мен атақ жанын бұзбаған танымал жұлдыздар (видео)
Тәуекел Мүсілім Жанар Дұғаловамен кездесіп жүргенін жоққа шығарды
Мейрамбек Бесбаев: Планетаға сыймай жүрген жастарды көріп жүрміз
Қарақат: Кезінде Қыдырәлі 101 раушан гүлін сыйлап, табанымның астын гүлге толтырған (фото)