Ерлі-зайыптылар бір-бірінің банктегі есепшоттарын тексере ала ма: Конституциялық сот шешім шығарды

Конституциялық сот ерлі-зайыптылардың банк құпиясына қатысты істі қарады. Бұған қазақстандық әйелдің арызы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституциялық сот "Банктер және банк қызметі туралы" заңның 50-бабы 4-тармағының конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Азаматша шығамданған даулы норма бойынша, есепшоттар мен салымдар туралы ақпарат тек есепшот иесіне немесе иесінің жазбаша келісімімен, сондай-ақ заңда көзделген басқа жағдайларда ғана ашылуы мүмкін.
Конституциялық соттың мәліметінше, өтініш беруші ажырасқаннан кейін бұрынғы күйеуінің екінші деңгейлі банктердегі есепшоттарының бар-жоғы және олардағы қаражат қозғалысы туралы ақпарат ала алмаған.
Банктер мұндай ақпаратты беруден бас тартып, заңмен белгіленген банктік құпияға сілтеме жасаған. Бірінші инстанциядағы сот та банктерге осы ақпаратты ұсыну міндетін жүктеу туралы талапты қанағаттандырмай, есепшот иесінің жазбаша келісімі мен банктік құпияны үшінші тұлғаға ашуға құқықтық негіздердің жоқтығын атап көрсеткен.
Өтініш берушінің пікірінше, аталмыш норма оны жұбайлар меншігіндегі жалпы мүліктік құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігінен айырған. Әйелдің айтуынша, бұл заң алдында теңдік, меншік құқығын қорғау және отбасын сақтау сияқты конституциялық ұстанымдарға қайшы келеді.
Конституциялық сот істі қарау нәтижесінде бірнеше құқықтық ұстаным қалыптастырды.
Атап айтқанда, Конституция әрбір адамның жеке өміріне қол сұқпауға, аналықты, әкелікті және балалықты қорғауға, сондай-ақ жеке салымдар мен жинақтардың құпиялылығын сақтау құқығына кепілдік береді.
Конституциялық сот банктік салымдардың құпиялылығы құқығы дербес конституциялық құқық болып саналатынын және ол әр адамның отбасылық жағдайына қарамастан қолданылатынын атап өтті. Жұбайлардың мүліктік құқықтарының теңдігі әрқайсысының құқықтық субъектілігін, жеке дербестігін және жеке өмірді қорғау құқығын жоятынын білдірмейді, сондай-ақ Конституция мен заңдармен белгіленген құпиялық режимін жоймайды.
Сонымен қатар заң банктік құпиялылықты қорғау мен жұбайлардың мүліктік құқықтарын жүзеге асыру арасында тепе-теңдікті қамтамасыз ететін механизмдерді қарастырады. Атап айтқанда, соттар өз өндірісінде қаралып жатқан істер бойынша банктік құпияға жататын ақпаратты талап етуге құқылы.
“Бұл бір жағынан, жеке өмірге өз бетінше араласқаны үшін сот бақылауын қамтамасыз етуге және екінші жағынан, жеке мүдделер мен әркімінің конституциялық құқықтарын қорғау арасында теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді”, – делінген Конституциялық сот хабарламасында.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша Конституциялық сот “Банктер және банк қызметі туралы” заңның 50-бабының 4-тармағы Конституцияға сәйкес келеді деген қорытындыға келді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған