Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еркектер сүт безі қатерлі ісігіне неге шалдығады? Онколог қазақстандық ер азаматтармен бұл кеселдің алдын-алу әдістерімен бөлісті

Сүт безі обырымен тек әйелдер ғана ауырмайды. Сондай-ақ, ер адамдар да осы жантүршігерлік ауруға шалдығады екен. Тіпті кейбір мәліметтерге қарасақ, сүт безі обырына тек жасы егде кісілер ғана емес соңғы уақытта жас жігіттер де ауыра бастапты. Осы тақырып төңірегінде Stan.kz ақпарат тілшісіне Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Мұратжан Сақтағанов пікір білдірді. 

еркек
Сүт безі обыры ауруы біздің елде сирек кездессе, Израильде жыл сайын 50-ге жуық еркек шалдығады екен. Әйелдермен салыстырғанда бұл дертпен ер адамдар аз ауырады. Дәрігер еркектер бұл ауруға аса мән бермегендіктен, оның алғашқы сатыларын өткізіп алады дейді. 

«Сүт безі обыры ер адамдарда да кездеседі. Бірақ өте сирек деуге болады. Мысалы, сүт безі обырына жылына он адам ғана шалдығатын шығар. Сол себептен бұған қатысты медицинада статистикалық мәліметтер жоқ. Сүт безі обыры 45-65 жастағы кісілерде кездесіп жатады. Көбінесе гормоналдық өзгерістердің нәтижесінде пайда болған соң да аз адам ауырады. Сол себептен де ер адамдар бұл ауру туралы біле бермейді. Жас жігіттерде горманалдық өзгерістер болғанда немесе гормоналдық дәрілер көп қабылдаған жағдайда, осы сүт безі обыры ауырына шалдығуы мүмкін. Спортшылар өздерінің күшін жақсарту үшін гормондық препараттар салады. Бірақ бұл осы аурудың тууына себепші болады», – дейді дәрігер.


Тағы оқыңыз: Қатерлі ісіктің белгілерін қалай анықтауға болады >>>


Алайда, ерлердегі сүт бездерінің қатерлі ісігі жыл сайын өсіп келе жатқандығы зерттеушілерді алаңдата бастаған. Сирек кездесетін ауру болғанымен, айығуы қиын. Барлық онкологиялық аурулардың арасында осы сүт безі ісігінен өлім 0,3% құрайды екен. 

«Ер адамдардың емшегінде де сүт безі болады. Еркекте әйелдікіндей төс болмағандықтан оларда сүт безі болмайды деп ойласаңыздар - қателесесіздер. Аурудың алғашқы белгілері - емшек ұшы қатты бола бастайды. Ол жерде май болады ғой. Егер ол қатайып кете берсе, ары қарай жараға айналуы мүмкін. Бірінші, ауырғаны сезіледі, одан кейін ақырындап бездер қатая түседі. Қолтық безі де ісіне бастайды. Сондай-ақ, емшектің көлемі ұлғаюы мүмкін», – дейді Мұратжан мырза. 

Дәрігердің айтуынша, сүт безі обырына көбінесе бауыры ауыратын ер адамдар мен гормоналды препараттар қабылдағандар шалдығып жатады. Сол себептен бауырға аса салмақ түсірмеу керектігін ескертеді.

«Сүт безі обырымен көбінесе бауыры ауыратындар шалдығады. Өйткені бауыр ол – фильтр. Бауыр ауырғанда қабылдайтын дәрілердің саны көп болғандықтан ол еркектің жыныстық гормонына да әсер етеді. Барлық нәрсе біздің жеген тағамымызға да байланысты. Қазір тағамдарда консервант, синтетикалық қоспалар бар. Ол бауырға кері әсерін тигізіп жатыр», – дейді. 

Ал сүт безі обырының алдын-алу үшін дәрігер ең бірінші уролог-дәрігеріне барып тұруға кеңес береді. Өйткені асқындырып алса, емдеу оңай болмайды екен.

«Егер асқынбай тұрып, уақытында дәрігерге қаралса, онда ер адамдар сүт безі обыры ауруынан айыға алады. Бірақ көпшіліктің бұл аурудан хабары жоқ. Сол себептен кейбіреуі уақыт өткізіп алады. Ауру өкпе, сүйекке өткен кезде ғана байқалады. Ал оған дейін ешқандай әсер бермейді. Әйелдер гинекологқа қаралса, ерлер урологқа міндетті түрде баруы керек. Сол кезде сүт безін көрсетіп, УЗИ-ге түсіру қажет. Сонымен бірге ер адам таза жүргені абзал. Душ алғанда денесін сипалап, қай жері өзгеріске ұшырағанын қарау керек. Алкогольдік ішімдікке де жақын болмағаны дұрыс», – дейді дәрігер.  

Талқылау