Ерке Есмахан Төреғали Төрәлімен арасында қандай сезім барын айтты
Ерке Есмаханның тыңдармандары әншінің Инстаграмдағы парақшасында жазылған екі ұшты жазбаның сырын түсінбей, оны өзінен сұрастыруды өтінген-ді. Мұны ескеріп, әншіге хабарласқанымызда, жазбаның мәнін ғана түсіндіріп қоймай, Stan.kz тілшісіне өмірінде болып жатқан жаңалықтарын айтып берді.
Естеріңізде болса, осыған дейін басты рөлде Ерке Есмахан мен Төреғали Төрәлі ойнайтын комедиялық фильм жарық көретіндігі туралы жазғанбыз. Аталған фильм туралы алғашқы сұрағымызға: “Фильмнің идеясы Баян Мақсатқызына тиесілі. Менің түсінуімше, бұл “Алло” бейнебаянының желісі бойынша түсірілетін комедиялық туынды. Өзіме жап-жақын ауыл қызының рөлін сомдаймын. Дәл қазір Қазақстанды шарлап, гастрөлдік сапарда жүргендіктен, ол туралы ойлануға уақытым да болмай жатыр”, – деп әнші әзірге өзіне тиесілі рөлдің жауапкершілігін сезініп үлгермегендігін жеткізді.
Екі ұшты жазба деп Еркенің өзінің суретінің астына жазған “Кездесу қайда таудағы, Лаулаған жүрек жаурады, Есіме сені салғаны, Алғашқы қардың жауғаны” сынды өлең жолдары мен “Сен маған керексің” деген бірауыз тілегін айтып отырмыз. Мұның мәнісі туралы сұрағанымызда, алдымен, ұзақ күліп алды: “Қыз баласы болғандықтан, айналамда көбінесе ер адамдар жүреді. Мүмкін жүрегімнен орын алған біреуі бар болар. Ол туралы айтпай-ақ қояйын. Бұрын-соңды жеке өмірге көп мән бере бермейтін едім, бұл жолы ол қателікті жібергім келмейді. Шынымды айтсам, дәл қазір жігіттерге көңіл бөлетіндей уақытым да жоқ”, – деп сырын толық ашпаса да, дәл қазір басының бос екенін жасырмады.
Бұдан өзге, Төреғали Төрәлімен арадағы қатынасы туралы сұрадық: “Әрине, алда түсірілетін кинода, екеуімізге ортақ бейнебаянда арамызда махаббат болады. Бірақ өмірде екеуіміз доспыз”, – деп көптің “күдігін” жоққа шығарды.
Әнші бұдан өзге дәл қазір өнерде жүрсе де, болашақта продюсер атанып, тіпті, дизайнер болуы мүмкін екендігін де тілге тиек етті.