Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ERG Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап, өз міндеттемелерін атқаруды жалғастырады

Eurasian Resources Group мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

60 мың адамнан құралған Eurasian Resources Group-тің ұжымы мен жетекшілері ҚР Президентінің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бастамасын дұрыс деп есептейді. Компания халықтың әл-ауқатын жақсарту және қаржылық қолдау көрсету үшін құрылғалы отырған "Қазақстан халқына" қоғамдық қорын құруды қолдап, қазақстандықтарды демеу қамында тұрақты төлем жасап тұруға даяр. 

ERG қызметін бастағаннан бері өзінің қызметкерлері, кәсіпорындары орналасқан өңірлер мен ел алдында жоғары әлеуметтік міндеттерді мойнына алғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, компания өкілдері осы уақытқа дейін жасалған бірқатар жұмыстарын алға тартты.

“Біз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнестің Қазақстан халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыру саясатын қолдаймыз. Коронавирус пандемиясы салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, біз қызметімізге бизнестің орнықты даму қағидаттарын енгізуді жалғастырдық. Мемлекет басшысы да өз сөзінде ESG талаптарының нығаюы жағдайында, бұл жұмысты ілкімді жүргізу керектігін баса айтты. Топ бұл бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Былтыр компанияда Экология, әлеуметтік даму мен корпоративтік басқару (ESG) жөніндегі Комитет құрылған. Өндірістің экологиясын жақсартуға бағытталған жалпы сомасы 800 млрд. теңгелік жобалар портфелі қалыптастырылды”, - деді ERG Директорлары кеңесінң төрағасы Александр Машкевич.

27 жыл бойы компания Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты әрі сүбелі үлес қосып келе жатыр. Кәсіпорын ERG құрамына топтасқалы бері бұл алдыңғы қатарлы ұйымдардың бірі ретінде жұмыс жасауда. Олар жыл сайын облыс әкімдіктерімен дәстүрлі түрде Меморандум жасап, осылайша қаражат жинақтаған. Нәтижесінде осы 27 жыл ішінде Еуразиялық Топтың өңірлерге құйған инвестицияларының жалпы көлемі 1 млрд доллардан асты. 

Жүйелі жұмыс жүргізіп отырған компания Екібастұз қаласында балалар музыка мектебін салып, 16 спорттық және балалар алаңдарын ашты. Туған қалаларымыздағы балабақшалар, мектеп пен колледждерді қолдап, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардағы 1 000 оқушыға тегін репетиторлық курстар ұйымдастырған. Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің сыртқы қасбеттерін, Қостанайдағы халықаралық әуежай ғимаратын жөндеді. Ақтөбеде қалалық жедел жәрдем станциясы жабдықталды. Павлодарда жағдаяттық орталық құрып, Түркістанда көне "Күлтөбе қалашығы" жұртын қалпына келтірген. "Астана-Опера" мемлекеттік опера және балет театры, Ботаника саябағы сынды жүздеген ірі жобалардың салынуын қолдады.  

2021 жылы жаңа "ERG mektepke" бағдарламасы қолға алынды. Ол Топ кәсіпорындары орналасқан өңірлерде орта білім беру жүйесін қолдап,  инженер-техникалық мамандықтар мен ақпараттық технологияларды кеңінен тартуды көздеген. Ауқымды бағдарлама бүгінде 280 мектепті қамтыды. 

Оған қоса, 2017 жылдан бері ERG "Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі" бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Ол жастар мен оқытушыларға кәсіпкерлік саласында қажетті дағдыларды меңгеруге септесті. Бес жылда  5 мыңнан астам студент кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген. Ондаған бизнес идея жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары құрылды. 2019 жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жобаға қатысушы жастармен Қостанай қаласында жүздесті. 

Еліміздің Хромтау, Рудный, Қашар, Октябрьский кенті, Ақсу мен Ақтөбе сынды аймақтарында Топ кәсіпорындарының спорт кешендерінде балаларға тегін спорттық секциялар ашылып, онда 2 500 бала спортпен тұрақты шұғылданып жүр. Бұл еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан үлкен қадам.

Тек 2021 жылы ERG 26,3 млрд. теңгеден астам қаражатты  қайырымдылық пен демеушілікке жұмсаған.

ERG бүгінде ESG талаптарын сақтамайынша әлемдік нарықта табысты компания болуы мүмкін емес екенін жете түсінеді. Компания Экологиялық бағдарламалар, соның ішінде жаңғыртымды қуат көздері, энергетикалық тиімділікті арттыру, жаңғыртымды қуат көздерін салуға 2030 жылға дейін 800 млрд. теңге инвестиция құюды жоспарлаған. Мақсат – 2031 жылға қарай ауаға қатты бөлшектер шығарындыларын  56%, ал су қоймаларына шығарындыларды 30% төмендету. 

EY зерттеулері нәтижесіне сүйенсек, ERG жыл сайын Қазақстан ІЖӨ-нің 1,8% қамтамасыз етеді. Бір ғана 2020 жылда Топтың Қазақстанның ішкі жалпы өніміне қосқан толық үлесі  1,27 трлн. теңгеге жеткен. Бұл ел экономикасының төрт саласында қалыптасқан қосымша құнға пара-пар.  

“Топ кәсіпорындары орналасқан барлық өңірлерде бизнестің дамуына барынша септесіп келеді. Тек 2019-2020 жылдары ERG қолдауымен осы өңірлердегі бизнес 4,56 трлн. теңгенің өнімін шығарды. Қазақстандағы 60 мың адамдық еңбек ұжымдарынан бөлек, Топ елде 146,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнының құруылуына септесіп, қолдап отыр.  2022 жылы қаңтардың 1-інен бастап, Топтың қазақстандық кәсіпорындарындағы өндірістік персоналдың еңбекақысы орта есеппен 20-35% өсті. Бұл мақсатқа ERG қосымша 70 млрд. теңге бағыттады. Толымды ақпарат сілтемеде. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ERG 377 млрд. теңге салық төлеген. Бұл 2020 жылғы меже - 228 млрд. теңге көлеміндегі ERG-дің толық салық үлесінен 65% көп”, – дейді компания өкілі. 
Талқылау