Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нағыз екіжүзділік": Ерекше баланың анасын жұрттың көзінше кемсіткен қазақстандық коуч кешірім сұрады

 Бақытбай Сабырбеков Фото: Видеодан скриншот

Танымал коуч Бақытбай Сабырбек жұрттың көзінше кемсіткен ерекше баласы бар әйелден кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, көпшіліктің өзін дұрыс түсінбегенін жеткізді.

“Кеше ерекше баласы бар әйелмен әңгіме болған. Балжан ханым, ауыр сөздер айтқаным үшін сізден бүкіл халықтың алдында иіліп тұрып кешірім сұраймын. Негізі ерекше баланың анасы болу батырлық қой. Ол 30 минуттық әңгіменің тек 3 минуты ғана. Бізді көріп отырғандар адамдардың да көңіліне кірбің түсірсек, кешірім сұраймыз. Ниетіміз түзу болған еді”, – деді ол.

Сондай-ақ коуч анаға 2 адамға Ұмраға жолдама сыйлады.

“Әрбір адамның жүрегінде өзінің қалауы болады, кейде оны адам емдей алмайды. Біздің сізге сыйлығымыз, ағамыз немесе ұлыңыз екеуініңіз қасиетті мекенге барып, дұға тілеп қайтыңыздар”, – деді ол. 

Ал әйел Умраны дұғасында сұрағанын айтты. 

“Баламды соңғы рет емдегенде бір қажылыққа екі рет барып келген кісі “балаңды Қажылыққа апар, дұғалар қабыл болады деді. Кеше сіз бір кісіге Қажылыққа жолдама сыйлағанда қатты қызықтым. Егіліп жылап, дұға еттім”, – деді келіншек.

Алайда коучтың бұл әрекеті де қазақстандықтарға жақпай қалды.

“Ойланып сөйлеу керек қой”, “Қайдағы коучсың? Этика жоқ, білім жоқ. Аутизм не екенін оқы бірінші. Қайдағыларды тыңдап жүрген қазағыма жаным ашиды”, “Қойыңдаршы! Айтарын айтып, істерін істеп алған соң кешірім сұрай салады екен? Контент деп өліп кетпеңдерші!”, “Айтылған сөз атылған оқ”, “Сөз – оқ. Атылып кеткен соң, кешірім бәрін орнына келтірмейді. Бұл жерде бір әйел емес, мыңдаған ана қорланды”, “Кеше осы ананы басқаша сипаптап тұр едіңіз, бүгін батыр деп қалдыңыз. Сіздің бұл ісіңіз екіжүзділік емес пе?” – деп жазған олар.

Мән-жайы

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық коуч ерекше баланың анасын жұрттың көзінше кемсітіп, көптің ашуына тигені хабарланған еді.

Коуч Бақытбай Сабырбек әлеуметтік желідегі парақшасында семинарларының бірінде ерекше баланың анасымен сөйлескен сәтінен видео жариялады. Кадрларда ол алдымен көпбалалы ананың жасын, кейінірек жеке өмірін сынап, орынсыз сөздер айтты.

Коуч әңгімені әйелдің жасын сұраудан бастайды. Әйел өзінің 38 жаста екенін айтқан кезде, Сабырбек:

“Мама! Мен сізді шамамен 48 жаста шығар деп ойладым! Қатты шаршағансыз! 42 жаста болса да менімен шамалас көрінетін әйелдер отыр ғой. Алты баласы бар. Неге өзіңізге қарамайсыз?”, – дейді ол.

Әйел ерекше баланы тәрбиелеп отырғанын айтқан соң, коуч баланың дамуына қатысты сұрақ қояды:

“Сіз қалай ойлайсыз, бұл бала неге дамымай жатыр?”

Әйел ұзақ уақыттан бері бұл сұраққа жауап іздеп жүргенін, баласымен жылдар бойы ауруханада болғанын, барлық уақытын соған арнағанын айтты. Соның арқасында баласы оны тани бастап, құшақтайтынын, бірақ әлі сөйлеуді үйренбегенін жеткізді.

Бұдан кейін Бақытбай Сабырбек ананың жеке өмірін сынға алып, жүктілік кезінде қиындықтар туралы ойлаған-ойламағанын, ер адамды қаншалықты “мойындамағанын” сұрайды. Әйел ол кезеңде бизнеспен айналысқанын, өзімшіл болып, жақындарынан алшақтағанын айтты.

“Сіздің санаңызда барлық ер адам әлсіз, әкеңіз әлсіз, күйеуіңіз әлсіз, соның салдарынан бала да сондай болып шыққан. Ал бала әлсіз болғысы келе ме? Жоқ. Сондықтан ол ауырады, алға жылжымайды”, – деді Бақытбай Сабырбек.

Желі қолданушыларының наразылығы

Қазақстандықтар коучтың сөзіне ашуланып, оны сынап тастады.

“Надандық деген осы ма?”, “Ерекше баласы бар ананың жеке өмірі болмайды”, “Жұрттың көзінше түгілі, жеке барып та айтуға құқығы жоқ”, “Недеген мәдениетсіздік, қалай бұлай сөйлеуге болады”, “Өзі психолог, коуч болса да аутизмнің қандай ауру екенін білмей ме?”, “Басына түспей түсінбейді ғой ауыртпашылықты, ауыр сөз айтқанын да байқамай тұр”, – деп жазған олар.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 14 Қаңтар, 2026 03:38