"Қара теңіз есеп айрылысатын алаң емес": Ердоған Путинмен кездесуден кейін екі тарапты бейбітшілікті сақтауға шақырды
Фото: Burhan Ozbilici
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей мен Украинаны Қара теңізді соғыс алаңына айналдырмауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Анадолу” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Түркия басшысы 13 желтоқсанда Түрікменстаннан қайтар жолда Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен болатын.
"Қара теңізді есеп айрылысатын алаң ретінде қарастыруға болмайды. Мұндай жағдай тек Ресей мен Украинаға зиян келтіріп, еш пайда әкелмейді. Барлық тарапқа Қара теңіздегі кемелер қозғалысының қауіпсіздігі қажет және ол қамтамасыз етілуі тиіс", – деді ол.
Ердоған Путинмен кездесуінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамппен де бейбіт жоспарды талқылау мүмкіндігі туатынына үміт білдірді. Сондай-ақ, ол Украинада бейбітшілік тез арада орнатылатынына сенім білдірді.
"АҚШ президенті Дональд Трамп бұл мәселе бойынша пікірлерге белсенді қатысып отыр. Кейде телефон арқылы басшылармен сөйлесеміз. Путинмен кездесуден кейін бізде Трамппен бейбіт жоспарды талқылау мүмкіндігі туатынына үміттіміз. Бейбітшілік алыс емес – біз оны көріп отырмыз. Тек бағытымызды бейбітшілікке бұру қажет", – деді ол.
Сол күні Түркия СІМ Мәскеу мен Киевке Қара теңізде соғыс әрекеттерін тоқтатуға шақырды. Анкара Одесса облысындағы Черноморск портында Ресейдің тағы бір соққысы болғанын атап өтті. Нәтижесінде шетелдік кеме зақымданған.
"Алдын ала деректерге сәйкес, экипаж бен жүк көліктерінің жүргізушілері эвакуацияланды, Түркия азаматтарына ешқандай зақым келтірілген жоқ", – деп хабарлады ведомство.
Алдыңғы күні Киев Түркия кемесі порт инфрақұрылымына Ресей шабуылы салдарынан зақымданғанын мәлімдеген. Cenk атты түрік кемелер компаниясының деректері бойынша, кеме жеміс-жидек, көкөніс және басқа да азық-түлікті тасымалдаған.
Соңғы апталарда Қара теңізде Ресей жүктемесі бар кемелерге де бірнеше шабуыл жасалғаны хабарланды. Мысалы, 2 желтоқсанда Ресейден Грузияға жүктерін тасымалдайтын Midvolga 2 танкеріне Түркия жағалауынан шамамен 80 теңіз милі қашықтықта шабуыл жасалған.
28 қарашада Босфор маңындағы Қара теңізде Гамбия туы астындағы екі танкер – Kairos және Virat шабуылға ұшырады. Reuters деректеріне сәйкес, екі танкер де Ресейдің "көмескі флотының" құрамына кіреді және Батыс санкцияларының астында тұр.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?