Ерболат Досаев Алматы әкімі лауазымынан босатылды
Фото: Алматы қаласының баспасөз қызметі
3 жылға жуық Алматы қаласын басқарған Ерболат Досаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерболат Асқарбекұлы Досаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылды”, – деп жазды Ақорда.
Алматының экс-әкімі жайлы не білеміз?
Ерболат Досаев — Республикалық физика-математика мектебінің түлегі, 1993 жылы Алматы энергетика институтын тәмамдаған. Еңбек жолын жеке компанияларда бастаған. 1997 жылы "Акцепт" корпорациясының бас директоры қызметіне тағайындалды. Кейін "Банк Туран-Алем" басқарма төрағасының орынбасары және "Алматинский торгово-финансовый банк" басқарма төрағасы болды.
1998 жылы Қазақстан премьер-министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалып, кейін Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі болды. 2000 жылы еліміздің Қаржы вице-министрі қызметін атқарды.
2001 жылғы мамырдан 2002 жылғы наурызға дейін Ерболат Досаев Қазақстан Даму Банкінің директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 2001 жылғы қарашада ол Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.
2003 жылғы маусымда Ерболат Досаев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметіне тағайындалып, 2004 жылғы сәуірде Денсаулық сақтау министрі болды.
2006–2012 жылдар аралығында ол "КазИнвестБанк" директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 2012 жылғы қыркүйектен бастап Экономикалық даму және сауда министрі (кейінірек Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі) болды. 2014 жылғы 6 тамызда Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. 2016 жылы "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басшысы болды. 2017 жылғы 29 тамызда Премьер-министрдің орынбасары қызметіне кірісті. 2019 жылғы 25 ақпаннан 2022 жылғы 31 қаңтарға дейін Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы қызметін атқарды.
Еске салайық, Досаев 2022 жылдың 31 қаңтарында Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған еді.
Бұған дейін Алматы қаласына жаңа әкім тағайындалатынын жазған едік.

"Бор мен қағазды өзіміз сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығына шағымданды
