Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ербол Шәріпов: «Тойский әндер» жазсақ халықты сыйлағанымыздың белгісі

Қазір әнсүйер қауымның талғамы да, таңдауы да өзгерген. Кей әншілер халық тек «тойдың әншісін» қабылдайды деп өкпелі. Ал, кейбірінің халықтың санасын улаған білімі жоқ «әуесқой әншілерге» өкпесі қара қазандай.

Олардың бірі «Азия» тобының әншісі Ербол Шәріпов. Бұл туралы әнші  stan.kz  тілшісіне экслюзивті сұхбат берді.

–        Ербол, сәлем. Неліктен осындай той-домалақтарға жалғыз келесіз?

–        Жоқ, мен үнемі әйелімді жанымда ертіп жүруге тырысамын. Бірақ, бүгін ол кісі қалада емес. Сол себепті жалғыз келдім.

–        Берекелі отбасының басты қағидалары қандай?

–        Меніңше, сыйластық. Екі жас бір-бірін түсіне білсе, сыйлай білсе шаңырақтары шайқалмайды деп білемін. Әрине, өмір болғасын кейде ұрыс-керіс болады ғой. Ол кезде әйел адам үндемей қоя салу керек. Кейін отағасының ашуы қайтқан кезде асықпай бәрін сараптап, саралап алады. Бірі өкпелеп тұрған кезде екіншісі де атылмау керек. Әйтпесе, ыдыс-аяқтың быт-шыты шығып сынуы мүмкін. Сынған ыдысты қанша жамаса да қажеттілікке жарамсыз болып қалады. Отбасы да дәл солай. Сондықтан, ыдыс-аяқ сылдырлай берсін, бірақ сынбасын.

–        Осы тақырыпта әдемі ән жазды деп естіген едім…

–        Қателеспедіңіз. Жуырда халыққа жақындау, тойға да, сахнаға да өте ыңғайлы «Үйленейік, ғашығым» деген ән жарыққа шықты. Енді сол туындыға клип түсіру жоспарда бар.

–        Ол Нұрсұлтанның ұсынысы шығар?

–        Дұрыс, ол әнді таңдаған да, бейнебаян туралы ұсынысты айтқан да Нұрсұлтан. Себебі, арамыздағы жалғыз бойдақ сол жігіт. «Сүрленіп кетпей үйлен» деп жиі әзілдеп қоямыз.

–        Шығармашылық жаңалықтарға әңгімеміз бұрылған екен толықтыра айтып өтсеңіз…

–        Ешқандай жаңалық жоқ. Қазір біз тек ізденіс әрі дайындық үстіндеміз. Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлең шумағына  Нұрсұлтан екеуміз ән жаздық. Соған бейнеклип түсірсек деген ниеттеміз.

–        Халықты қазір таңқалдыру мүмкін емес. Сіздер ел назарынан өшіп қалмас үшін не істеуге дайынсыздар?

–        Асығымыз алшысынан түсіп тұрмаса да, өнерімізді бағалайтын өз көрерменіміз бар. Оған да шүкір. Біздің топ енді жұмысын бастаған кезде мен қоймай «билейік, үйтейік-бүйтейік» деп жүретін едім. Батыс стилінде әндер орындау үшін ізденіп, біраз жүгірдім. Алайда, жасың есейген сайын бір ғана нәрсені түсінеді екенсің. Ең бастысы, халыққа жақын әрі өтімді ән жазған дұрыс екен. Сондықтан, қазіргі біздің басты мақсатымыз халықтың көңілінен шығатын әндер жазу.

–        Яғни, тойға жұмыс жасайсыздар?

–        Той стилі ғана емес. Жеңіл де ән емес. Ырғақты, билеуге қолайлы ән. Сөзі де арзан емес, санаға ой салатын сөздер жазу керек.

–        Десе де, соңғы кездері философиялық мағынасы бар әндер халыққа өтпейтін сияқты?

–        Жоқ, олай емес. Мысалы, Мағжан Жұмабаевтың «мен жастарға сенемін» деген өлеңінде көп нәрсе айтылған. Біз жастарымызға сол ақиық ақындар айтқан ұлағатты сөздерді әнмен жеткізсек дейміз. Ол жаңа стилде, заманауи бағытта болады. Әйтпесе, қазір ешкім қолына кітап алып оқымасы анық қой. «Үйленейік, ғашығым» деген әннің де мағынасы терең. Қазіргі қоғамда үйлену де, ажырасу да оңай болып кетті ғой. Бұл әнде қыз бен жігіт кездескен кезде де үйлену басты мақсат болу керектігін айтамыз. Мысалы, «үйленейік, ғашығым,

Әкең білсін ашығын»,-деген керемет сөздермен жазылған. Адамдардың проблемасы көп кезде мұңлы ән тыңдатып емес, ырғақты әуен арқылы көп жол көрсетуге болады деп білемін.

–        Көптеген әріптестеріңіз «халық тойдың деңгейінен өсе алмай жүр» деп өкпелі. Не айтар едіңіз?

–        Дұрыс емес. Бастапқыда менде солай ойлайтын едім. Бірақ, қазір ойым 180 градусқа өзгерді. Себебі, «Халықтан үлкен емессің» деп Құранда жазылған. Демек, халыққа қызмет ету керекпіз. Жұбаныш Жексенұлы ағамыздың керемет айтқан сөзі бар: «Біз өнер адамдары халыққа ой салатын, ақыл қосатын, тәрбиелейтін әндер айту керекпіз». Міне, өте дұрыс пікір. Халыққа ырғақты әндер ұнаса, сол форматтағы әндерге мағыналы сөздер жазу керек.

–        Өнерде неге көңіліңіз толмайды?

–        Кейде қайдан келгені белгісіз, не білімі, не дауысы жоқ адамдар сахнада ән айтып жүреді. Сөзінде еш мағынасы жоқ. Бірақ, солар «хит» болып кетеді. Соларды көргенде қарным ашып, көңілім түседі. Мүмкін, ол бақ шығар. Алайда, уақыты келгенде олар да көзден ғайып болары анық. Әркім өзінің ісімен айналысқаны жөн деп ойлаймын. Өнер ойнап кететін ойын алаңы емес. Бағалау керек, құрметтеу керек.

–        Ұлыңыз өнерді таңдаса қолдайсыз ба?

–        Ұлымның болашақта өмірінің өнермен байланысты боларын әке жүрегім сезеді. Себебі, қазірден бастап есту, айту, музыканы сезу қабылеттері ерекше. Мен өнерге тәрбиелемеймін, бірақ «өнер адамы боламын» десе қолдаймын.

Оқи отырыңыз:

Талқылау