"Ер адамның міндетін өзіме алдым": Индира Расылхан күйеуімен неге бөлек тұрып жатқаны туралы
Танымал әнші Индира Расылхан уақытша күйеуімен бөлек тұрып жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол бұған не нәрсе себеп болғанын бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар арнасының «Қарақатпен шай» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Бір жылдан астам уақыт бөлек тұрып жатқан жағдайымыз бар. Бізде ортақ әңгіме мен мақсат жоқ болды. Бірге балаларды өсіріп, болашағын шешіп, бүйтсек, сөйтсек деген сияқты бізде ортақ әңгіме болған емес. Ешқандай да кикілжің болмады, ешқашан ұрысып көрмеген адамдармыз. Қатты сөйлеп көрмеген, қолын да тигізіп көрмеген. Ер мен әйелдің арасында кей кезде бала-шағаға көрсетпей ұрыстың болып тұрғаны жақсы екен», - деді Индира Расылхан.
Әрі қарай әнші ажырасуларына бір-бірін ренжітіп аламыз деген қорқынышы себеп болуы мүмкін екенін жеткізді.
«Өзгеру мақсатында, бәлкім басқаша болар деп ойлап біраз уақыт бөлек тұрған дұрыс шығар деп ойладық. Сен өзіңнің қателігіңді, мен өз қателігімді шамалы уақыт сезінейін дегендей уақыт бердік. Басында менің аяғым ауыр болып үйде отырдым. Ол жол апатына түсіп, омыртқасы сынды. 4-5 ай бойы тұрмай жатты. 1,5-2 жылдай жұмыс жасамады. Барлық тірлікті, барлық нәрсені өзім жасап тастаймын. Үйге азық-түлік керек болса, өзім шапқылап дегендей. Ер адамның міндетін өзіме алдым. Содан кішкене жұмыстың барасында ерініңкілеп, сол әдет болып кетті», - деп түсіндірді әнші күйеуімен бөлек тұруының себебін.