Жетісу облысында топ жыныстық қатынастан кейін "кәмелетке толмаған қызды зорлады" деп айыптап ер адамнан ақша бопсалаған
Фото: freepik.com
Жетісу облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Талдықорғанда жалған таныстарын пайдаланып, ер адамдардан ақша бопсалаған топты әшкереледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталының жазуынша, 2024 жылғы мамырда бірнеше бойжеткен оңай, бірақ заңсыз жолмен ақша табуды ұйғарады. Олар ер адамдарды жалған айып тағу және беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таратамын деп қорқыту арқылы бопсаламақ болады. Күдіктілер жәбірленушілерді әлеуметтік желілер арқылы тапқан, желі арқылы танысқан ер адамдармен кездесіп, жыныстық қатынасқа түсуге дейін барған.
Одан кейін жоспар бойынша бұл іске сыбайласы араласып, жәбірленушіге телефон соғып, "құрбым жылап жатыр" деген сылтаумен кездесуге шақырған. Кездесуде одан ақша талап етіп, бермеген жағдайда, полицияға "зорлады деп хабарлаймыз" деп қорқытқан.
Полицейлер анықтаған фактілер: бірінші жәбірленушіден 350 мың теңге алған. Екінші жәбірленушіні "жүктілікпен" алдап, 2 миллион теңге сұрап, 900 мың теңгеден астам ақша алған. Үшінші ер адамнан да 2 млн теңге сұрап, 800 мың теңге алып үлгерген. Ал тағы бір жәбірленушіден 795 мың теңге алған.
Ал "кәмелетке толмаған қызды зорлау әрекеті" қойылымына төрт күдікті қатысқан: бір қыз жыныстық қатынасқа түскен, ал үшеуі өздерін туысымыз деп таныстырып, ақша талап еткен. Ақыры олар 800 мың теңге "олжалаған".
Осыған ұқсас схемалар бойынша қылмыскерлер жәбірленушілерден 600 мың теңге, 1,5 млн теңге, 1 миллион теңге көлемінде ақша алған.
Тағы жағдайда қаскүнемдер өзін полиция қызметкері деп таныстырып, күш қолданып, 500 мың теңге алып кеткен.
"Барлығы 9 күдікті 11 ер адамнан ақша бопсалағаны анықталды. Олардың барлығы ұсталып, қамауға алынды", – делінген ІІМ хабарламасында.
Полицейлер желіде танысу кезінде қырағы болуға және ақша бопсалаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді.

АҚШ-та ауыр жарақат алған қазақстандық дзюдошы хал үстінде жатыр: Ағасы емге 270 миллион теңге қажет екенін айтты
