Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ер адамдар жақындаған сайын үрейленеді": Қазақстандық қоғам белсендісі талгода зорланған қызға 3 миллион теңге өндіріп бергеніне ашуланды

Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Дина Таңсәрі "Тальго" пойызындағы зорлау ісі бойынша жәбірленген қызға соттың моральдық шығын ретінде 3 миллион теңгені өндіріп бергенін аз деп шағымданды. Қоғам белсендісі қызға психологиялық тұрғыда қиын тигенін, бизнесінен айырылып, елден көшіп кеткенін есептеу керек еді деп айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: dzen.ru

Дина Таңсәрі қоғамда резонанс тудырған "Тальго" ісі әлі де жалғасып жатқанын айтады. Оның сөзінше, қыздың денсаулығына айтарлықтай көп залал келген. 

"Біздің қорғауымыздағы қыз "Қазақстан темір жолынан" моральдық зиян үшін өтемақы талап етті. Бүгін сот шешім шығарды. "Жолаушыларды тасымалдау" АҚ уәде етілген қауіпсіздікті қамтамасыз етпегені үшін кінәлі деп танылып, жәбірленуші әйелге 3 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге тиіс. Ал Қазақстанның ұлттық компаниясы – "Қазақстан Темір жолы" бұл жауапкершіліктен сырт қалды. Яғни кінә тек олардың еншілес компаниясы – "Жолаушыларды тасымалдау" компаниясына жүктелді", – деп жазды Дина Таңсәрі.

Қоғам белсендісі, бұл 3 миллион теңге ұлттық компанияның медиация келісімі арқылы ұсынған сомасы екенін және бұдан жәбірленуші бірден бас тартқанын айтты. 

"Сотта қыз "Сіз 3 миллион теңге үшін зорлық көргіңіз келе ме? Осы ақша барлық қорқынышты сәттер мен денсаулыққа келген зиянды өтей ала ма?" деп сұрады. Пойыз жолсеріктері қайғылы оқиғадан кейін бір жылдан соң ғана жазаланды. Жетес Өмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязов 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ олар қазірдің өзінде бостандықта, біреуі мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты. Жәбірленуші тарап, яғни біздің қорғалушымыз, 832 миллион теңге өтемақы талап етті. Бұл – оның денсаулығына келген залал, кәсібінен, табысынан айырылу, өмірінің тас-талқан болуы үшін есептелген сома. Ол бәрінен айырылды: бизнесінен, денсаулығынан, үйінен, елінен, психологиялық жағдайынан. Алаяқтықпен оған қарсы хейт ұйымдастырылғаннан кейін, ол заттарын жинап, елден кетуге мәжбүр болды. Екі рет өз-өзіне қол жұмсамақ болды", – деп түсіндірді Дина Таңсәрі.

Дина Таңсәрі қазір де қыздың санасында сол ауыр оқиғалардың жарасы қалып, ер адамдар жақындаған сайын үрейге бой алдыратынын жеткізді.

"Бірақ сот пен компания оның бүкіл өмірінің тас-талқан болуын, шеккен азабы мен шығынын бар-жоғы 3 миллион теңгеге бағалады. Бұл оқиға арқылы барлық әйелге "Пойыздан қауіпсіздік күтпеңіз!" деп тұрғандай. Алдыңғы жарияланымдардағы пікірлер мен әйелдердің естеліктеріне қарағанда, ҚТЖ пойыздары зорлық-зомбылыққа, лас пен қорқынышқа толы, әсіресе әйелдер мен балалар үшін қауіпті орынға айналған. Оның ашық күресінің арқасында соңғы 4 жылда зорлау ауыр қылмыс болып танылып, жазалау мерзімі ұзартылды, ал қоғам өзгеріп, күшейе түсті", – деді Дина Таңсәрі.



Еске салайық, “Тұлпар-Тальго” пойызының екі жолсерігі 35 жастағы әйелді зорлаған. Олар Қылмыстық кодекстің 120-бабы (қызметтік міндеттерін орындау кезінде зорлау) бойынша кінәлі деп танылған еді. Екеуі небәрі бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Талқылау