Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам зейнетақы алу үшін марқұм анасы секілді киініп, өзін әйел ретінде таныстырған

Фото: Rainews.it

Италияда ер адам үш жыл бұрын қайтыс болған анасы секілді киім киіп, боянып, зейнетақы құжаттарын рәсімдеуге барған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үш жыл бұрын көз жұмған Грациелла Далл’Ольоның 57 жастағы ұлы бетіне макияж жасап, парик киіп, әйел киімін киіп алып, өзін 85 жастағы зейнеткер әйел ретінде таныстырмақ болған. Мұндағы мақсаты – анасының зейнетақысын әрі қарай алып отыру. Өйткені жаңа жеке куәлік рәсімделмесе, төлемді жалғастыру мүмкін болмаған. Ер адам анасының рөлін сомдап, Борго-Вирджилио қалашығындағы мекемеге фотоға түсу үшін барған.

Алайда мекеме қызметкері күмәнданып, мән-жайды сезе қойған. Сол кезде ер адам өзін “есінен танып қалғандай” көрсеткен.

Қазір полиция оған алаяқтық, жалған ақпарат беру (адастыру) және жерлеу міндетін бұзу баптары бойынша іс қозғады. Себебі анасының денесі үш жыл бойы ұлының үйінде жасырылған болып шықты.

Бұл оқиға Италия қоғамында кең резонанс тудырды, өйткені мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталанған. Мысалы Неапольде бір әйел қайтыс болған анасының зейнетақысын шамамен 7 жыл бойы алып келген, осы уақыт ішінде шамамен 80 мың еуро жиналған. Ал Миланда 50 жастағы ер адам ай сайын 1 700 еуро алып отырған, ол анасының мәйітін жатын бөлмесіне қабырғалап тастаған.

Италия – Еуроодақтағы халқы ең қарт елдердің бірі. Шамамен 59 миллион тұрғынның 13,2 миллионынан астамы – зейнеткерлер.

Айта кетейік, бұған дейін 88 жастағы бастауыш сынып мұғалімі бес оқушыны зорлағаны үшін түрмеге қамалғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 12:21