Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ер адам WhatsApp-қа жіберген екі аудиохабарламасының кесірінен 2,5 жылға сотталды

Фото: freepik.com

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 40 жастағы елорда тұрғынына қатысты үкім шығарды. Қылмыстық іс қозғауға оның WhatsApp тобына жіберген екі аудио хабарламасы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, былтыр қыркүйекте ер адам жатақханадағы бөлмесінде сыра ішіп, WhatsApp-топтағы хабарламаларды оқып жатады. Бұл топқа негізінен жүк көлігі жүргізушілері тіркелген және ол тасымалдауға қатысты ақпарат алмасуға арналған. Сол күні кешке жүргізушілер елордаға кіреберісте орнатылған көлік салмағын өлшейтін автоматтандырылған жүйеге наразылығын білдіріп, түрлі пікірлер жазған.

Біреулер жүк тасымалдауды толығымен тоқтатуды ұсынса, енді біреулері қызметіне бағаны көтеру қажет екенін алға тартқан. Ал елордалық тұрғын жүргізушілерге жүк көліктерімен Астанадағы үкіметтік орамға барып, жолдарды жабу арқылы "мәселені түбегейлі шешуді" ұсынған. Бұдан бөлек ол топқа жіберген екі аудиохабарламасында қару ала шығу керек екенін айтқан.

Ер адам 15-20 минуттан кейін орынсыз пікір білдіргенін түсініп, аудиохабарламаларды өшіріп, жатып қалады. Сол түні оны полиция қызметкерлері бөлімшеге алып кетті. Кейін ол топта жүк көлігі жүргізушілерінен бөлек мониторинг жүргізу үшін жедел қызметкер де отыратыны белгілі болған. Полицей аудиохабарламаларды тыңдап, сақтап үлгерген. Алдымен ер адамның үстінен әкімшілік іс қозғалып, ол 15 тәулікке қамауға алынған. Кейін қылмыстық іс қозғалған.

Сотта ер адам кінәсін мойындап, өкініп, мұндай жағдай енді қайталанбайтынына уәде берген. Ол аудиохабарламаларды ойланбастан, мас күйде және эмоция әсерінен жібергенін айтқан. Сондай-ақ ол заңсыз митингілерге, жаппай тәртіпсіздіктерге, билік өкілдеріне күш көрсетуге шақыру ниетінің жоқ екенін алға тартқан. Алайда сот-психологиялық-филологиялық сараптама аудиожазбалардың бірінде "қарулы әрекетке шақыратын тіл құрылымдары бар" екенін көрсеткен.

Сот Астана тұрғынын Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігімен ("Билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру") кінәлі деп танып, 2,5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Сот үкім шығарған кезде айыпталушының қайтыс болған ағасының кәмелетке толмаған екі баласын асырап отырғанын, оның жағымды қасиеттерін және жасаған әрекетіне өкінетінін ескерген.

Аида Тақабаева
Жұма, 13 Маусым, 2025 17:19
Талқылау