Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ер адам пешті жаққан да кетіп қалған": Жітіқарадағы бес баланың өліміне әкелген өрттің егжей-тегжейі айтылды

Қайғылы оқиға болған түні анасы балаларын қараусыз қалдырып, өзі кетіп қалған. Балалардың тоңып қалмауы үшін анасы үйге бір ер адамды жіберген. Ол пешті жағып, кетіп қалған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жағдайдың қалай өрбігенін жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: © Adobe Stock

"Мен оның не үшін кеткенін білмеймін. Бірақ шындық сол, 1995 жылы туған ер адам кешкі сағат 21:00-де үйге келіп, пешті жағып кеткен. Оны балалардың тоңып қалмауы үшін анасы жіберген", – деді Светлана Жақыпова.

Министрдің айтуынша, бұл отбасы атаулы әлеуметтік көмек және алимент алып отырған.

"Отбасында әртүрлі тегі бар балалар тәрбиеленген: әйелдің екі некесі болған, бірінші некеден үш баласы, екінші некеден екі баласы бар. Ең кіші бала бір жаста еді. Мамыр айында анасы көпбалалы ана атағын алды. Бірінші күйеуімен ресми түрде ажырасқан. Шамамен жазда 320-330 мың теңге көлемінде алимент алған. Сонымен қатар АӘК екі тоқсан бойы берілген – шамамен 290 мың теңге көлемінде. Төлемдер жақсы болды. Менің білуімше, ол жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген. Бірақ сол түні ол қалаға кеткен. Қандай мақсатпен және не себеппен кеткені тергеу аясында жарияланбайды", – деп түсіндірді министр.



Еске салайық, 11 қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында қараусыз қалған бес бала өрт болып, үйдің төбесі құлағанынан қаза тапты. 2011 жылы туған үлкен бала зардап шеккен жоқ. Бас прокурор қылмыстық іс бойынша тергеу барысын өз бақылауына алды. Қостанай облыстық прокуратурасының Buzyq Telegram арнасына берген жауабында өрт кезінде қаза тапқан балалардың анасы 5 жылдан 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан. Қазір қылмыстық кодекстің “Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Талқылау